Экологтар: Каспий теңізі Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін
Бүгінде Каспий теңізінің экожүйесіне қауіп төніп тұр, деп хабарлайды 24KZ. Климаттың өзгеруі мен мұнай өндіру жұмыстары көлдің көлеміне тікелей кесірін тигізіп жатыр. Осылай жалғаса берсе, 2100 жылға қарай су деңгейі 18 метрге дейін төмендеуі ықтимал. Бұл болжамды бүгін арнайы өткен жиында «Каспий теңізін құтқарайық» жаһандық қозғалысының өкілдері айтты. Тақырыпты әріптесім Мирлан Алтынбек тарқатсын.
«Бұрынғы Хазар теңізі алдағы уақытта Арал іспетті азар теңізге айналуы мүмкін. Осындай қауіп жоғары», – дейді экологтар. Олардың айтуынша, соңғы 20 жыл ішінде Каспийдегі су деңгейі шамамен 2 метрге төмендеген. Оны мына солтүстік бөлігіне қарап аңғаруға болады. Басты себептердің бірі – алып көлге құятын Еділ мен Жайық суларының азаюы. Әсіресе соңғы жылдары Ресей аумағындағы Еділ өзеніне түсетін жауын-шашын мөлшері күрт азайған.
2005 және 2023 жылдар аралығында Каспий суы 31 мың шаршы шақырым аумағын жоғалтты. Соңғы 10 жылда теңіз жағалауы 10 шақырымға дейін шегініп кетті. Бұған маңайдағы ірі кен орындарынан келетін зиянның әсері бар.
Мұнай өндіруден қоршаған ортаның ластану көрсеткіші шамамен 30%-ке жеткен. SCS жаһандық қозғалысының белсенділері ұсынған дерек осындай.
Вадим Ни, «Save The Caspian Sea» халықаралық қозғалысының негізін қалаушы:
- Каспий мәселесіне тек су деңгейінің төмендеуін ғана емес, сондай-ақ суасты тіршілік иелерінің өмір сүруіне қолайсыз жағдай қалыптасқанын да қосуға болады. Мысалы, итбалықтар азайып жатыр. Жыл сайын көл жағасынан мыңдаған өлексесі табылады. Соңғы 50 жыл ішінде Каспийдегі бекіре саны да 90%-ке дейін қысқарды.
Мәселе өңірдегі балық шаруашылығын да тұралатты. Кемелер мен қайықтар теңізге шыға алмай қайраңда қалып жатыр. Вадим Нидің айтуынша, енді мұнай компанияларына қатысты талапты қатаңдатып, бақылауды күшейту керек. «You.Sea.Problem» атты дөңгелек үстелге тағы қоғамдық ұйымдар, халықаралық сарапшылар және депутаттар қатысты.
Сергей Пономарёв, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Каспий теңізі – көл болса да, Қазақстанды әлемдік мұхиттармен байланыстырып тұрған маңызды тоғыз жол торабы. Былтырғы тасқын жергілікті тұрғындар үшін топан су әкелгенімен, Каспий теңізі үшін тамған тамшыдай болды. Мәжіліс жанындағы Экология комитетінің өкілі ретінде Ақтау қаласына бардым. Су деңгейінің төмендеуі қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге де кедергісін келтіріп жатыр.
Асхат Асылбеков, қоғам қайраткері:
- Әрине, түсінікті, мына мұнай саласында өткізіліп жатқан жұмыстар өзінің жаман әсерін жасап жатыр. Ол бәрімізге белгілі. Екінші ол климат. Еділ-Жайықтан басқа Каспийге кіретін жалпы 100-ден аса өзен бар. Табиғаттың әсерінен судың көлемі азайып бара жатыр. Демек су азайған соң флорасы мен фаунасына зиян келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес былтыр Каспий теңізін зерттейтін ғылыми институт құрылды. Мәселені жан-жақты зерделеу үшін мұндай зертхана Атырау облысына да керек-ақ. Тағы Каспий маңы елдерінің ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу мүмкіндігі де туып отыр. «Ең бастысы көлді айнала қоршап тұрған 5 мемлекет 5 саусақтай жұмылса ғана түйткілдің түйінін шешуге болады», – дейді мамандар.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков.