Семейде 5 мың түп ағаш егілді

Абай облысында 5 мың түп ағаш көшеттері егілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы жалпы ұлттық акцияға Абай облысының тұрғындары да белсенді қатысты.

Өңірдің 10 ауданы мен 2 қаласында 15 мыңға жуық адам тазалық шарасына атсалысты. Нәтижесінде 300 гектар аумақта 1000 тонна қоқыс жиналып, 5 мың түп ағаш егілді.

Қарағайлы ықшам ауданында салынып жатқан жаңа саябақта қарағай көшеттері егілді. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты. Сондай-ақ әуежайға баратын жол бойында да көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Оған қала тұрғындары мен мемлекеттік мекемелердің 100-ге жуық қызметкерлері атсалысты.

Марат Теміржанов, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- «Таза Қазақстан» аясында үлкен ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Осы жерде шырша егіліп жатыр, тағыда жақсы өсетін талдар бар. Тұрғындардың белсенділігі қала бойынша халықтың береке-бірлігімен қаламыз тазаланып жатыр.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Абай облысында 44 іс-шарадан тұратын өңірлік жоспар бекітілген. Эко шараға өңір халқы да белсенді атсалысуда.

Асар Төлеубек, Семей қаласының тұрғыны:

- Тазалықты сақтау қала тұрғыны ретіндегі ең алғашқы міндетім деп санаймын. Себебі болашақта өзім тұрып жатқан мекенім таза, көгалды болса, жайлы болып тұрса сенбілікке неге шықпасқа. Алдағы уақытта көшеттер жайқалып, қаламызға ерекше көркемдік береді деген ойдамын.

Айгерім Бабаева, Семей қаласының тұрғыны:

- Ағаштар экологиямызды жақсартады. Аудан тұрғындарының таза ауамен демалуына және балалардың денсаулығына жақсы әсер етеді.

Жыл басынан бері өңірде 57 мыңнан астам жасыл желек егілді. Бағдарлама шеңберінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты қорғау бағытындағы шаралар әлі де жалғасады. 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков