Риддер орталығында аюлардың жүргені тұрғындарды алаңдатты
Риддер тұрғындары қала аумағында аюлардың пайда болғанын қайтадан хабарлады. «24KZ» ақпараттық агенттігі Noks.kz сайтына сілтеме жасап таратқан мәлімет бойынша, өткен түні жабайы аңдар тұрғын үйлер мен мектептің маңында байқалған.
Атап айтқанда, куәгерлер Лазо көшесі, 13 мекенжайындағы жеке үйдің ауласында жүрген аю мен оның қонжығын видеоға түсіріп алған. Аңдарға қарсы ит шыққан кезде, олар дереу бой тасалаған. Тордан жасалған қоршаудан секіріп өткен жыртқыштар кейін «Крестьянский дом» дүкенінің маңында көрінген. Жергілікті тұрғындар полиция қызметкерлерін шақыртқан.
Таңертең қалалық чаттарда жабайы аңдармен кездесулер туралы жаңа хабарламалар пайда болды. Қала тұрғындарының бірі таңғы сағат төрт шамасында Семипалатинск көшесінде (сол дүкен орналасқан аумақ) екі аюды көргенін айтты. Бұл аудан Тәуелсіздік даңғылы мен Республика алаңына жақын жерде орналасқан. Іс жүзінде бұл - Риддер қаласының орталығы.
Тағы бір видеоны куәгерлер түнгі сағат бір шамасында Базарная көшесінде түсірген. Тұрғындар жаңа № 12 мектептің бағытына қарай бара жатқан кезде аюларды байқаған. Бұл әлгі аю мен оның қонжығы еді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде аюдың б жолы екі қонжығымен келе жатқаны түсірілген басқа да бейнежазбалар тарады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір күн бұрын аюлар Таловка ауданында байқалған. Қала тұрғындары аңдардың ізін және бүлінген қоршауларды суретке түсіріп алған.
Жабайы аңдардың тұрғын үйлер мен мектептер маңында жиі пайда болуы халықтың алаңдаушылығын тудырып отыр. Тұрғындар өз қауіпсіздігі үшін қауіптеніп, тиісті шаралар қабылдауды талап етуде.
Риддерге ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман және аң шаруашылығы жедел ден қою жасағының мамандары келіп жетті. Инспекторлар жұмысқа кірісіп, аюларды үркітіп, қала аумағынан шығарып жіберу үшін олардың қозғалысын бақылауға алмақ.
Орман және аң шаруашылығы жедел ден қою жасағының бастығы Ермек Бағланұлы жабайы аңдардың елді мекеннен қашан кететінін түсіндірді.
Риддерде ауа райы бұзылып жатыр, жақында қар жауады. Алғашқы қар түскеннен кейін аюлар апандарына жақындап, оларды дайындай бастайды. Екі аптадай күту керек, содан кейін аңдар тауға кетіп қалады. Іс жүзінде бір ай өткен соң олар ұйқыға кетеді, - деді маман.