Орманшылар орманды отауға көмектескен
Жаңа жылдың басты көркі шырша қайдан келеді? Шырша әрине, орманды алқаптан келеді.
Дәл осы уақытта шығыстағы ел орманға күзетті күшейтті. Өйткені шырша мен аршаға көз алартатындар көп.
Бір сұмдығы осы қылқан жапырақты ағаштарды кесіп сататындар көлденең біреулер емес, олардың арасында орманшылардың өздері де бар екен. Суыққолды орманшыларды полиция тікұшақпен аңдып, ұстапты.
Мамандар бұл жолы Риддер қаласы мен Шемонайха ауданын шолып шықты. Жалпы қылқан жапырақты орманның 70 проценті осы Шығыс Қазақстанда өседі. Табиғат қаскөйлері үшін бұл оңай олжа.
Облыста соңғы екі жылда заңсыз ағаш кесуге орай 100-ден аса дерек тіркеліпті. Сөйтіп браконьерлер 7,5 мың текше метр жасыл желекті тып-типыл еткен. Сорақысы сол, орманды отауға орманшылардың өзі де араласқан.
Александр Акулов, ШҚО маманданған табиғат қорғау прокуроры:
- Біздегі мәліметтерді байқасақ, көбінесе қатардағы орманшылар тұтылып, басшылар құтылып жатады. Мәселен осы 101 дерек бойынша, табиғат қаскөйлерінің ісіне көз жұма қараған 30з қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Солардың төртеуі ғана басшылық лауазымдағы азаматтар.
Сондықтан тікұшақтағы жедел топ тек браконьерлерді ғана емес, орманшылар қызметін қоса бақылайды. Сонысымен де маңызды дейді мамандар.
Андрей Ларионов, ШҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
- Осы рейд жүргізу арқасында табиғатты қорғау заңнамасына қайшы 15 жағдай анықталды. Бұл аз көрсеткіш емес. Негізінен браконьерлер орманы көп Шемонайха, Қатонқарағай, Алтай аудандарына үйір.
«Ең шалғайдағы ауыл-аймақ маңын да бір сүзіп шығамыз»,- дейді полиция қызметкерлері. Орман күзетін күшейтудің нәтижесі де айтарлықтай. Бақылау мен қайта қалыпқа келтіру жұмыстары есебінен, елімізде жасыл желекті аумақ көлемі 8 процентке ұлғайған.
Эльмира Ахметова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, «24.KZ», ШҚО.