Қарағандыда қарағай отағандар 7 мыңнан астам ағаш отырғызуға міндеттелді
Қарағандыда құрылыс компаниясының өкілдері қала аумағында 7 мыңнан астам ағаш егуге міндеттелді.
Олар осыдан 1 жыл бұрын көп қабатты үй салу үшін жайқалып тұрған ақ қайың мен қарағайды әкімдіктің рұқсатынсыз отап кеткен. Ол аздай тамыры жұлынған ағаштарды қаланың сыртына еккендей сыңай танытқан. Бірақ олар өсіп шықпады. Бұл тұрғындар мен экобелсенділердің ашуын тудырып, оны біздің арна тілшілері көрсеткен болатын. Қоғамдық резонансқа ұласқан мәселенің нүктесін экономикалық сот қойды. Енді олар жұлынған әр ағаштың орнына 50 түп жаңа тал егуі тиіс. Еске салған жөн, ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты жарты миллион теңгеге дейін айыппұл салынады немесе мүлкі тәркіленіп, 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Гүлжан Тастанбаева, облыстық экономикалық соттың судьясы:
- Уәкілетті орган серіктестікке ағаштарды кесуге рұқсат бермегендіктен серіктестік 7200 түп ағаш қала аумағында отырғызуға міндеттелді. Сондай-ақ мемлекет кірісіне 17 млн.нан астам залал өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.