Маңғыстауда қырылған аққу саны мыңнан асты
Маңғыстау облысында жаппай қырылған аққу саны бір мыңнан асты.
Қанаттылардың өлекселері Ақтауға іргелес Қаракөлден бөлек, басқа аудандарда теңіз жағалауынан табылып жатыр. Таяуда Құрық ауылында 20 өлі аққуды мамандар полигонда өртеп, жойды. Экологтар Каспий теңізінен сынамалар алып, суда ластаушы заттардың бар-жоғын анықтауға кірісті. Қарақия ауданында адамдардың жағажайға кіруіне уақытша шектеу енгізілді.
Каспий жағасына қыстауы тиіс аққулар әлі қырылып жатыр. Өткен айда Қаракөл жағалауынан мың шақты құстың өлексесі табылған еді. Мамандардың айтуынша, аққудың балапандары құс тұмауын жұқтырған. Кейін Ақтаудан 70 шақырым жердегі Құрық ауылы жағажайынан тағы 20 сыбырлақ аққудың өлексесі табылды.
Мұңалбай Сансызбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының аға инспекторы:
- Аққудың өліктерін иттер алып кетпеуіне жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір Құрық ауылының теңіз жағалауында табылып тұрған құстар Түпқарағанда да теңіз жағасынан шығуы мүмкін. Басқа жерде де шығуы мүмкін. Еген ондай болатын болса жергілікті атқарушы органға, ветеринарларға хабарланып, тиісті талаптарға сәйкес жойылуы керек.
Қайсар Нәдірбек, облыстық экология департаментінің бас маманы:
- Анализ қорытындысы 1-5 күн аралығында дайын болады. Каспий теңізіне ластаушы заттардың, яғни мұнайдың төгілуін анықтаймыз. Мұнай өнімдері құстарға әсер етуі мүмкін, біз сол жағын ғана анықтап бере аламыз.
Құрық елді мекені жағалауында ветеринар-мамандар күніне екі рет бақылау жүргізіп жатыр. Олардың айтуынша, аймақта бұған дейін аққулардың жаппай қырылуы 2006 жылы тіркеліпті.
Амангүл Атакаева, Құрық ауылы ветеринарлық бекетінің жетекшісі:
- Әрине қауіпті, теңіз жағасына адамдарға келуге болмайды. Және ауылда басқа да құстар бар ғой. Тауық басқалары. Солардың бәрі құс тұмауына қарсы вакцинамен егілуі керек. Жалпы сақтықта болу керек.
Қазір облыста арнайы құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр. Теңіз жағалауымен шектесетін елді мекендерде құс тұмауы таралуының алдын алу үшін іс-шаралар жоспары жасалды. Жергілікті полиция жағажайға адамдардың баруына уақытша шектеу енгізді.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қазір Қаракөлде 87 мыңнан аса құс мекендейді. Соның 44 мыңдайы - сыбырлақ аққу. Бұл құс Қазақстанның Қызыл кітабына кірмеген. Мамандар Құс тұмауынан өліп жатқан аққулардың 90 пайызы - балапандар дейді. Қазір көл аумағын бақылау күшейтілді. Себебі, қаңғыбас иттер құс өлекселерін жеп, ауру таратуы мүмкін деген қауіп бар.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев