Қонақүй басшылығы 900 аққудың өлімі үшін 2 млн теңге айыппұл төледі
Ақтауда Қаракөлге сарқынды су төккен қонақүй басшылығы 2 миллион теңгеден астам айыппұл төледі, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған дейін қонақүй және оған іргелес демалыс саябағынан құбыр арқылы шыққан лас судың көлге құйылып жатқан көрінісі ғаламторда жарияланған болатын. Осыған орай уәкілетті орган жоспардан тыс тексеру жүргізіп, экологиялық заң талаптары бұзылғанын анықтады. Кінәлі тарапқа жолданған нұсқамаға сәйкес құбыр бөлшектеніп, жиналып алынды. Ал қонақүйден шығатын ағынды су қаланың кәріз желісіне қосылды.
Есіңізге сала кетейік, соңғы 2 айда Қаракөлге ұшып келген 900-дей аққу құс тымауынан қырылып қалды. Сондай-ақ көл суынан алынған сынамалар оның құрамында ластаушы заттар барын көрсетті.
Ержан Жұмашев, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
- Ластаушы төгінділер мөлшерден тыс артық болды. Айыппұлдың 1000 айлық есептік көрсеткіштің өздерінің құқығы бойынша 50%-ін төлеп тастады. 4 млн-ның 2 млн-ы төленіп отыр ғой. 311-баптың екінші бөлігі дейтініміз, бұрын бірінші бөлігімен салынды. 3 жылдың ішінде қайталанып тұрғаннан кейін екінші бөлігімен салынып отыр қазір.