Жұптасу кезеңіне байланысты қоян аулауға болмайды

Құм қоянын аулауға болмайды.

Ал енді он күннен соң аққоян мен орқоянды да атпау керек. Құс салу, қақпан құруға да болмайды. Өйткені ұзынқұлақтылардың жұптасатын маусымы келді.

Аңшылар қоянды құс салып, тазы жүгіртіп аулайды. Енді бірі қақпан құрады. Дегенмен оларды үздіксіз аулауға болмайды. Қасқыр, түлкінің ізіне түсіп жол-жөнекей қоянды да іле кететін аңшылар бұл мезгілде ұзынқұлақтыға тиіспейді. 

Еркеғали Бейсенов, аңшы:

- Ақпанда шағылысу басталады, бодандасу. Оңтүстік өңірлерде, батыс өңірлерде күн жылы ғой. Осы ақпаннан бастап жылылық басталады. Оларда көжектей береді. Ал мына Арқаның ауа райын қарап тұрсыз, мынадай кезде қояндар көжектеу мүмкін емес. Қоян күн жыли бастағаннан күн суытқанша көжектейді. 

Аңшылық шаруашылығын жүргізу қағидатына сәйкес, қыста аң аулауға бірқатар шектеу бар. Соның ішінде қояндардың жұптасу маусымында оларды олжалауға тыйым салынып отыр. Тиісті комитет өкілдері ұзынқұлақты жануарды қай кезде аулауға рұқсат екенін айтты. 

Талғат Ердешев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:

- Құм қояны 1 қарашадан 31 желтоқсанға дейін, ал ақ қоян мен ор қояны 1 қарашадан 15 ақпанға дейін ауланады. Облыстарда ведомствоның бөлімшелері бар. Сол облыстағы бөлімшелер өздері неғұрлым кеш, неғұрлым ерте 15 күнтізбелік күн қосуына болады климатқа байланысты. 

Қояндар тез көбейеді әрі тез жетіледі. Дәлірек айтқанда, ақпаннан қарашаға дейін олар үш ай сайын көжектейді. Әр туғанда кемінде 6-7 көжек табады. Дегенмен мамандар қояндарды тек тиісті құжатта көрсетілген мерзімде аулау керегін еске салады.

Еркебұлан Смадияров, Ерлан Наурызбаев, Серік Қоңырбаев