Су үнемдеу. Каналдардың 80 пайызы тозған
Ағын суды көрші Өзбекстаннан алатын Түркістан облысының шаруалары біртіндеп су үнемдеу жолдарын қарастыра бастады.
Биыл өңірде 873 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіледі. Диқандар мейлінше суды аз қажет ететін өнім түрлеріне көшуге ден қойып отыр. Себебі жыл өткен сайын көрші елден келетін судың көлемі азайып барады.
Келес ауданының тұрғыны Асқарбай Белқожаев көкөніс өсірумен айналысады. Шаруа биыл 5 гектар жерге шалғам еккен. Диқаншылығын қаңтар айында бастау себебін су тапшылығымен түсіндіреді. Себебі қыста қар мен жаңбырды пайдаланбаса, жазда су жетпей қалуы мүмкін.
Асқарбай Белқожаев, шаруа:
- Шілдеде су мүлде азайып кетеді. Суды үнемдеу үшін осыны еккен едік. Бұл енді қыстыгүні суды онша қажет етпейді. Ылғал алу үшін жаңбыр жауғанда, қар жауғанда клеенкасын ашып, жауып отырамыз.
Ал Жаңақоныс ауылының шаруалары егістікті жаңбырлатып суару әдісіне көшкен. Себебі 10 жыл бойы Араншы каналынан қажетті көлемдегі суға қол жеткізе алмай қиналған. Болмаған соң, жаңа технологияны жөн көрген. Кеткен шығынның жартысын мемлекет субсидиялаған. Есесіне былтыр су жетпейтін жерлерге көкөніс егіп, мол өнім алған.
Құрманғали Тұрымбетов, шаруа:
- Арықпен суарсаң, ұрығы ағып кетеді. Бір жерін қатты зәктейді, бір жеріне жетпей қалады. Ал мынау жаңбырлатқанда толық, ұрық қай жерге түсті, сол жерге өнеді. Арықпен суарғаннан сегіз есе аз кетеді.
Шекарадағы ауданға Өзбекстаннан жылына 17 млн текше метр су келуі тиіс. Бірақ жазда су азайып кетеді. Сол себепті көрші елге барып келіссөздер жүргізуге тура келеді, дейді жергілікті билік.
Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:
- Өзбекстан бізге суды керек емес кезде береді. Жазда нағыз су керек кезде лимиттен қысады. Сол кезде бізде мәселе туындайды. Біз мұндай кезде ауылдарды судың кезегіне қоямыз. Екі күн мына шаруа, екі күн мына шаруа қылып, сондай мәселемен шешіп жатырмыз.
Жақында Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді түрлерін көбейту керектігін айтқан. Сонымен бірге еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар екеніне тоқталып, осы бағытта жұмысты жандандыруды тапсырды. Жалпы Түркістан облысында 552 мың гектар суармалы жер болса, соның 32 мың гектарына су үнемдеу технологиясы енгізілген. Мамандар 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 216 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.
Әлібек Плалов, ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылдың өзінде 22 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын орналастыру көзделіп отыр. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау қарастырылған. Яғни 80%-ға субсидия төлеу мәселесі қазір қарастырылып жатыр. Сушаруашылығын дамыту туралы арнайы бағдарламамыз бар, ағын судың тарифінің 50% мемлекет субсидиялап береді. Су үнемдеу технологиясын орнататын болса, қазір 50%, келесі жылдан бастап 40-30%-ға төмендейді. Біз су үнемдеу технологияларын ендіруге басымдық беріп отырмыз.
Өңірде су арналарының 80%-ы әбден ескірген. Сондықтан су үнемдеудің тағы бір тиімді жолы – су қоймалары мен каналдардың табанын бетондап, арық-атыздарды механикалық тазалудан өткізу, дейді мамандар. Биыл бұл бағытқа 8,7 млрд теңге қаралып, мың шақырымнан астам арық-каналдар механикалық тазалаудан өтеді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әшіб «24.KZ», Түркістан облысы.