Қызылордада егілген жүз мыңға жуық көшеттің басым бөлігі қурап қалған
Қызылордада кейінгі 3 жылда егілген 100 мыңға жуық көшеттің басым бөлігі қурап қалған.
Себебі шөлейтті өлкенің топырағы тұзды. Шыбық шаншып, шынар шығару оңай іс емес. Биоортаны оңалту үшін өңірге "Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институының" мамандары келді. Ғалымдар коммуналдық мекемелерге топырақ құнарлылығын арттырып, зиянкестермен күресу тәсілдерін үйретеді.
Табиғаты тамылжыған әсем шаһарлардың сәнін келтірген шырша, бозарша секілді бүрлі ағаштарды жергілікті билік гүлзарлар мен орталық көшелердің жиегіне жылда егеді. Бірақ Ақмешіттің аңызақ желі мен аптап ыстығына қылқанжапырақтылар қалай шыдас берсін. Сыр топырағының құрамында натрий элементі басым. Декоротивті өсімдіктердің тамырын қайқы қылыштай қиып түседі. Сол себепті биолог ғалымдар жыл сайын қыруар қаржыны құмға сіңдірмей тораңғыл, айлант, акация, жиде мен үйеңкі секілді төзімді ағаш түрлерін егуге кеңес беріп отыр.
Нұржан Мұхамадиев, Ж.Жиембаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин ғзи бөлім басшысы:
- Қаладағы топырақтың тұзы өте ауыр. Сондықтан ағаштарға химиялық тыңайтқыштарды, препараттарды кеңінен қолдану қажет. Өйткені қысқы уақытта зиянкестер ағаш астына шоғырланады. Сондықтан дін, тамыр шірігінен иммунитеттерін көтеру үшін жасыл желектерді қорғау керек. Әртүрлі органикалық тыңайтқыштармен қоректендіру керек.
Қаланың арбат, аллеяларын аралап көрген ғылыми зерттеу институт мамандары талдың өсіп кеткен бұталары дұрыс кесілмегендігін де сынға алды. Жасыл желекке жауапты мекеме жұмысшылары білместіктен өсімдік ауруын өздері таратқан.
- Қатты төмендетіп кескен дұрыс емес. Қабықтары жарылып жатыр уже. Кессе жөнімен кесу керек. Мына бұталарды бекер қалдырған. Кессе арасынан қуарағандарын теріп кесуге болатын еді. Алма ағашын кескен сияқты. Мынау мысалы кеуіп тұрған ағаш. Көбісі шіриді. Ағаш болғанымен бір жақ беті шіріп, бір жақ беті көктесе салмақпен сынып құлауы мүмкін. Өйткені дініне инфекция кіріп кеткен.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Осыдан он шақты жыл бұрын Қызылорданың кіреберісін жасыл дәлізге айналдыру жобасы қолға алынды. Күре жолдың 2 беті қоршалып, мыңдаған түп ағаш егілді. Соның жартысы жайқалып, қалғаны күйіп кетті. Қазір бұл аумақты қараусыз күйде деп айтуға болады. Өйткені суландыру жүйесі істен шыққан. Салдарынан топырақты сор басып, тұзданып жатыр.
Cерік Қожаниязов, қала әкімі:
- Қаланы көгалдандыру, аяқсу мәселесін бір қолдан шешетін боламыз. Бұрынғыдай тендер арқылы ұтып алғандар бір-бірімен соттасып, кешеуілдеп, талдарды екпей болмаса егіп күтіп-баптамай деген болмайды. Мына мекеме өзі егеді, күтіп баптайды, өзі суарады. Сол себепті қаланы көгалдандыру мәселесі оңтайлы шешімін табады деген ойдамыз.
Биыл облыс орталығын көгалдандыруға жергілікті бюджеттен 585 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Ғалымдардың нұсқауымен көктем шыға алдымен өсімдіктерді зиянкестерден тазалау және емдеу жұмыстары жүргізіледі.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев