Су тасқыны. 109-ға тыным жоқ

Петропавлда соңғы бір тәуліктің ішінде су тасқынына орай «iKomek» бірыңғай байланыс орталығына 100-ден астам қоңырау түскен.

Қала бойынша 12 үйге қарғын су жайылған. Шұғыл шақыртуларға коммуналдық қызмет мамандары шығып, арнайы көлікпен су сорып жатыр. Сонымен қатар олар бітеліп қалған құбырларды тазартуда. Кеше облыс орталығында жаңбыр жауып, кейбір көшелер еріген қар суына толды.

Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қазіргі таңда қала бойынша 100-ден астам адам жұмылдырылған. 60 арнайы техника мен 40 мотопомпа жұмыс істеп жатыр. Жұмыстардың бәрі тәулік бойы жүргізіледі. Қоңыраулар да тәулік бойы қабылданады.