Су тасқыны. 12 ауыл аралда қалды
Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы 12 ауылға жол жоқ. Тек тікұшақпен ғана қатынауға болады.
Кейінгі үш-төрт күнде ол жаққа азық-түлік, тұрмыстық заттар әуе арқылы жеткізіліп жатыр.
Аманкелді ауданы орталығының стадионы соңғы үш-төрт күнде ұшақ алаңына айналды десек артық айтқандық емес. Су қоршауында қалған ауылдарға азық-түлік тек осы жерден жеткізіледі. Қауіпті аймақтарға біз де сапар шектік.
Су құрсауында қалған ауылдарға тікұшақпен кезекті көмек апара жатыр. Бұл жолы Алакөл, Қабырға және Жаңатас ауылдарына ұн, т.б. азық-түліктер, басқа да қажеттіліктері, гуманитарлық көмек жеткізіледі. Ал кейін қайтарда ол қауіпті аймақтардан 16 адам эвакуацияланады.
Табиғи апаттың ауқымы жоғарыдан жақсы көрінеді. Көк майсалы жазық жер құдды бір телегей теңізге айналғандай.
Алдымен Қабырға ауылына аялдадық. Бұл жерде малдарын қарайлап оншақты ер адам қалған. Азық-түлікті тез жерге түсіріп, тікұшақ бірден әуеге көтерілді.
Ақкісі ауылы. Қираған үй, қора-қопсы, қырылған мал табиғи апаттың залалын айқындап тұр. Одан кейін гуманитарлық көмек тасыған әуе көлігі тағы бір елді мекенге келіп қонды.
Тасқын су қоршауында қалған елді мекендердің бірі – Жаңатай ауылы. Мұнда оншақты үй бар. Өздеріңіз көріп отырғандай, айналасы телегей-теңіз. Қазір осы ауылдан он адам эвакуацияланады. Негізінен әйелдер мен балалар.
Көп балалы ана Назгүл Әлиева осы үш-төрт күн иесіз аралда қалғандай күй кешкендерін айтады.
Назгүл Әлиева, Жаңатай ауылының тұрғыны:
- Қатынас жоқ. Жол қатынасы. Жарық жоқ, балаларға өте қиын, азық-түлік жағынан. Содан ауданға бара жатырмыз. Қалуға қауіпті балаларға. Жан-жағы теңіз.
Қазір Аманкелді ауданында су тасқыны бәсеңдегені байқалады. Ал өңірдің орталық, солтүстік бөлігінде енді қарқын алады деген болжам бар
Владислав Ковалёв, Қостанай облыстық ТЖД маманы:
- Қазіргі кезде Қарасу, Әулиекөл, Науырзым, Қамысты, Сарыкөл, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарында су тасу қаупі бар. Сондай-ақ Ресейден мол су келуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша көрші елден келетін мол су бірінші кезекте Жітіқара ауданына күрделі жағдай тудыруы әбден ықтимал.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенбег, «24.KZ», Қостанай облысы