Көпқабатты үйлердің көбеюі құстарға зиян - орнитолог
Бүгін – халықаралық құстар күні. Қазақ халқы шебер әншісін бұлбұлға, ардақты азаматын сұңқарға, һас сұлуын аққуға теңеген.
Біздің елде құстың 500-ден астам түрі бар. Оның тең жартысы жыл құстарына жатады және Алатаудың бөктерінде, Алматыда кездеседі. Табиғаттың санитары саналатын сақалтай мен өзге де құс жайындағы қызықты мәліметтерді тілшіміз әңгімелейді.
Алматыда құс атаулының 208 түрі кездеседі.
Соңғы орнитологиялық зерттеу сонау 1980 жылдары жүргізілген. Содан бері нақты белгілі бір құстың популяциясын анықтап айту қиын, - дейді ғалым Сергей Скляренко.
Дегенмен, Қазақстандық биоалуандықты сақтау қауымдастығы қаңтар айынан бері қалада мекендейтін құс санын анықтау жұмысын бастаған екен. Ғалымның айтуынша сұр торғайдың саны күрт азайған. Бұл жағдайды ол табиғи ландшафтың өзгеруімен байланыстырады.
Сергей Скляренко, орнитолог-ғалым:
- Сәуір айында қалада құстар көбейеді. Бірақ 20-дан астам түрі ғана ұялайды. Қалғаны маусымдық көші-қонға қатысады. Соның ішінде сұр торғайдың саны сиреп кетті. Басты себеп – көпқабатты үйлер салына бастады. Ағаш пен бұталар жойылып жатыр. Сондықтан құстың қорегі мен жемі азайды. Діңгекті ағаш құстарға пана болады. Бұл жағдай орталық пен таулы аймақтарда байқалады.
«Антропогендік фактор туралы айтқанда кейбір қанаттылардың табиғи тұрғыда саны құбылмалы болатынын ұмытпау керек»,-дейді орнитологтар.
Ал Алматы хайуанаттар бағында үкі мен жапалақтың саны көбейген. Жыртқыш құстар бөлімінің меңгерушісі Назгүл Ерасылқызы әр балапанды мәпелеп, қанаттанып кетуін қадағалайды. Күтімін жасап, қорегін дер кезінде берудің нәтжесінде үкі саны 40-қа жетті.
Назгүл Ерасылқызы, зообақтың жыртқыш құстар бөлімінің меңгерушісі:
- Негізінде Алматы хайуанаттар бағында жырқыш құстардың 31 түрі бар. 228 бас бар. Жапалақ тәріздестердің жалпы Қазақстанда 12 түрі кездеседі. Алматы хайуанаттар бағында олардың 6 түрі бар. Ең ірісі – үкі. Оның салмағы 4 кг болса, ал ең кіші жапалақтың салмағы 50 граммға дейін. Оны бізде маубас жапалақ деп атайды.
Мұндағы 31 жыртқыш құстың 14 түрі Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген. Ішінде ең бағалысы – сақалтай.
Сақалтай табиғатты тазартушы нағыз санитар. Қыран 26 жыл жасайды. Ал 1972 жылы алғаш рет Алматы хайуанаттар бағында осы құстан балапан алынды.
Сақалтай немесе балтажұтар Жоңғар Алатауы мен Алтай тауларында,
теңіз деңгейінен 2-4 мың метр биктікте мекендейді. Саны сирек. «Былтыр шет мемлекеттен сақалтай балапанын сатып алуға сұраныс көп болды», - дейді Назгүл Ерасылқызы.
Назгүл Ерасылқызы, зообақтың жыртқыш құстар бөлімінің меңгерушісі:
- Сақалтай біздің хайуанаттар бағының символы болып саналады. Қазақстанда қызыл кітапқа енген ең сирек кездесетін құс. Сол сақалтайдың 14 басы бар. Көбейетін 2 жұп бар. Биыл осы ата-анасының астынан 1 балапан, жасанда жолда 3 балапан алдық. 6 аталық, қалғандары аналықтар.
Жалпы, фауна мен флора қалпына келуі үшін табиғи орта таза болу керек. Соған дәлел Сайран көлі. 50 жылдан кейін көл табаны тазартылған соң құстар оралды. Аққұтан қонып, үйрек жүзді. Есентай өзеніндегі көпірлер мен жартастарға көкқұс ұя сала бастады. Қоршаған ортаны аялау арқылы ғана адам құстардың әсем үнін тыңдап, табиғатпен үндесіп өмір сүреді.
Алмас Садуақас, С. Жұмабаев, «24.KZ», Алматы