Көл суы көтерілмейді
Алматы облысының Іле ауданына қарасты Қараой ауылы іргесіндегі көлдің суы қауіпсіз деңгейге түсті.
Онда өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің 565 қызметкері мен 100 шақты техникасы жұмыс істеді. Оларға Қараойдағы әскери бөлімдер мен жергілікті тұрғындардан құралған 300-ден астам ерікті жағалауды нығайтуға көмектесті.
Естеріңізге сала кетейік, үш күн бұрын Іле ауданының Байкент ауылдық округіндегі 1910 жылы салынған Ворошилов су қоймасының бөгетін су бұзып кеткен еді. Бұл нысан 2017 жылы 49 жылға сенімгерлік басқаруға берілген болатын.
Қазір Іле ауданындағы елді мекендер мен шаруашылық субъектілерін су басу қаупі төніп тұрған жоқ. Көл суы айналмалы арық арқылы Қаскелең өзеніне құйылып жатыр, – деді Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ерсін Жағыпаров.