Су тасқыны. Шығыс дайын ба?
Шығыс Қазақстан облысындағы ескі бөгеттер мен су қоймаларында жиналған су өзен-көлдерге ағызылып жатыр.
Өйткені алдын ала қамданбаса су жырып кетуі мүмкін. Ал өңірде қардың 70 проценті әлі ери қоймаған. Қазір өңірдегі 55 гидробекетті кезекшілер күзетіп тұр.
Жалпы Шығыс Қазақстан облысындағы 100 шақты гидронысан жөндеуді қажет етеді. 80 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан бөгеттер де бар.
1946 жылы салынған мына бөгетте апаттық су жіберу жұмыстары жүріп жатыр. Өйткені мұнда өңірдегі ең ірі деген 4 өзеннен су келеді. Гидронысан әзірге штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
2018 жылы елді мекендерге қауіп төнген еді. Ол кезде өзен суы мұздың үстімен ағып өтіп, салдарынан 3 ауылды су басып қалған болатын.
Сол себепті ақпан айында мұзды осылай қолмен аралауға тура келді. Ол ірі су артериялары үшін арна қызметін атқарады.
Константин Боровиков, Глубокое аудандық ТЖД бөлімі бастығының м.а.:
- 6 жыл бұрынғы су тасқыны бізге үлкен сабақ болды. Мұздың қалыңдығына байланысты кешенді мониторинг жүргізілді. Әкімдікпен бірге оны механикалық жолмен аралау туралы шешім қабылдадық. Міне, осылайша тасқынның алдын алдық.
Бұл бөгет 78 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. 4 жыл бұрын жөндеуден өтті. Сондықтан айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Ол 1,5 млн текше метрге жуық суды ұстап тұра алады. Шығыс Қазақстан облысы суы мол өңір болғандықтан, 130 гидронысанда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуда. Соның 89-ы шұғыл жөндеуді қажет етеді.
Медет Нұрғалиев, "Шығыс су" МКК директоры:
- Қазгидромедтің мәліметіне сүйенсек, биыл жылдағыдан қар мөлшері көп болды. Мысалы, бізде гидротехникалық құрылымдар көп аудандар бұл – Глубокое, Самар, Шемонаиха ауданы. Қардың қалыңдығы әлі жоғары, 1 метрге дейін бар. Ешқандай төтенше жағдай болған жоқ.
2023 жылы қараусыз қалған 5 гидротехникалық нысан мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның қарауына өтті. Олар 30 жылдан бері жөндеу көрмеген.
Қазір су қоймаларын жіті тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Республикалық дотация есебінен Үйдене мен Қандысу су қоймалары ішінара жөндеуден өтеді. Осы қос стратегиялық нысанға су жинау арқылы өңірдегі суармалы алқаптардың көлемі тағы 20 мың гектарға ұлғаяды.
Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, «24KZ», ШҚО