Сәуір айына ауа райы болжамы

Сәуір айының онкүндігі жауын-шашынды өтеді. Қазгидромет мамандарының айтуынша найзағай ойнап, тіпті кей аймақтарда бұршақ жаууы мүмкін.

Тұман басып, солтүстік пен шығыста және орталықта көктайғақ болады деген де болжам бар.

Айдың алғашқы күндерінде еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы төмендейді. Түнде -7, күндіз +8 градус болуы мүмкін.

Сондай-ақ сәуірдің бірінші онкүндігінде желдің екпіні үдеп, секундына 15-20-дан, 23-28 метр жылдамдықта соғады.

Қазақ сәуір болмай тәуір болмайды, дейді. Әрі қарай екінші онкүндікте күн жылып, түн қысқарады.

Айжан Бейсенбаева, "Қазгидромет" РМК инженер-синоптигі:

- Сәуір айында Қазақстанның барлық аумағында бір айдағы орташа ауа температурасы нормадан 1-2 градус жоғары болады деп болжанды. Жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде нормадан көп, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар облыстарында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Абай облыстарының басым бөлігінде, Қызылорда, Түркістан облыстарының солтүстік-шығысында және Шығыс Қазақстан облыстарының солтүстік-батысында норма шамасында болжанады.