БҚО. Су басқан ауылдың саны күн санап көбейіп келеді. LIVE
Батыс Қазақстан облысында су тасқынының беті қайтар емес.
Өткен түнде Шаған өзенінің тасуына байланысты Деркөл кентіндегі Самал-3 ықшам ауданының тұрғындары эвакуацияланды.
Теректі ауданындағы Ұзынкөл су қоймасының кемеріне келуіне байланысты Ұзынкөл ауылынан 700-дей адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Қараөзен, Сарыөзен, Жайық, Шаған секілді бастауын Ресейден алатын трансшекаралық өзендермен де мол су келіп жатыр. Аймақтағы ахуал шынымен де күрделі күйде қалып отыр.
Су басқан ауылдардың саны күн санап көбеюде. Бұдан бұрын Қалдығайты, Аңқаты, Бұлдырты, Өлеңті, Жақсыбай, Шыңғырлау өзендері тасып, ондаған ауыл, 500-дей тұрғынүйді су алған еді.
Ал өткен түнде Шаған өзені арнасынан асып, Орал қаласына қарасты Самал-3 ықшам ауданының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.
Теректі ауданында Ұзынкөл су қоймасы кемеріне келіп, лықылдап тұрғандықтан кеше кешкісін Ұзынкөл ауылынан 700-дей адам эвакуацияланды.
Төтенше жағдай департаментінің мамандары сыйымдылығы 85 миллион текше метрлік су қоймасын кез келген сәтте су бұзып кетуі мүмкін екенін айтады.
Нұралы Мусиев, ТЖД басқарма бастығы:
- Қазіргі таңда Теректі ауданы Ұзынкөл елді мекенінде көшіру жұмыстары жүргізілді. 700-ден астам адам көшірілді. Қалған 150-дей адам сол елді мекенде қалып отыр. Олар ересек ер адамдар. Департамент тарапынан сол жерде штаб құрылды. Арнайы техника тұр. Шұғыл түрде сол адамдарды көшіру керек болса, техника дайын. Су қоймасынан төменде Ұзынкөл, Жаңаөмір, Юбилейный, Барбастау және Кемер елді мекендері орналасқан. Жалпы осы есепті ала отырып, төмендегі елді мекендердің барлығына қауіп төнеді деген болжам жасалды. Су қоймасындағы бөгет үстінен су құйыла бастады, асып түсіп жатыр. Жарылып кетіп, бүкіл су әлі ағып кеткен жоқ.
Жалпы мамандар аймақтағы көктемгі су тасқынын бірнеше кезеңге бөледі. Әуелі еріген қар суы көшелерге, аулаларға толса, екінші кезеңде жергілікті кішкентай өзендер тасиды. Содан кейін барып, бастауын Ресейден алатын трансшекаралық өзендерге кезек келеді.
Ал биыл жерде тоң қалың болып, күннің күрт жылынуына байланысты бәрі тез-тез жүріп жатыр. Мәселен, бір-біріне құятын Деркөл, Шаған, Жайық осы үш өзенның де арнасы қатар көтерілді қазір.
Біз қазір Жайық өзенінің жағасында тұрмыз. Бұл жердегі өзен деңгейі бүгін 6 метрге жетті. Жағалаудағы демалыс аймағы, көріп тұрғандарыңыздай, су астында қалды.
Орынбордағы Ирек су қоймасынан сәуірге дейін секундына 90 текше метр су жіберілсе, сәуірден бастап ол 390-ға, ал бүгін 790 текше метрге жетті. Оның бержағында Сақмар, Елек, Ор, Шыңғырлау, Шаған өзендері бар екенін ескерсек, Жайық деңгейі биыл қауіпті деңгей 850 сантиметрден асып түсуі әбден мүмкін.
Оңтүстік аудандардағы Қараөзен мен Сарыөзенмен де мол су келуде. Қараөзенмен секундына 550 текше метр су түсіп жатса, Сарыөзенге жіберілер су бүгін 100 текше метрден 50 текшеметрге азайыпты.