Су тасқыны. Абай облысы да алаңдаулы
Абай облысында тасқын қаупі әлі сейілмей тұр. Қазір құтқарушылар Көкпекті ауданының Шұғылбай ауылында жұмыс істеп жатыр.
Қарғын сумен күреске 60-қа жуық адам, 7 техника, 10 мотопомпа жұмылдырылған. Алматы облысынан келген әскерилер де осында жүр.
Тасқын су Тассай ауылына баратын көпірді шайып кеткен. Елді мекенмен байланыс үзілген. Аудандағы су деңгейі мен бөгеттерді тәулік бойы қадағалау үшін 4 гидробекет ұйымдастырылған.
Балтабек Әбішев, Шұғылбай ауылының тұрғыны:
- Әскери адамдар, ТЖМ адамдары барлығы, міне, бір ұжым болып, осыған атсалысып, жақсы көмектесіп жатыр. Ауыл халқына, көпшілік жастарға рахметімді айтқым келеді. Неге десеңдер, күні-түні осыған атсалысып, түгел көмектесіп жатыр.
Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары:
- Әзірге үйлерге су кірген жоқ. Осы жағалаумен өткізіп, қауіпті болғаннан кейін бір-екі жерден жолды бұздық. Бүгінге бәрі қалыпты. Барлық жұмыс атқарылып жатыр. Техникалар тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Осы ауылдың шаруа қожалықтарының техникасы және облыстан келген техникалар ғой.