Су тасқыны. Құлсары құрсауда қала ма?
Атырау облысында Жем өзенінің деңгейі көтеріліп, арнасынан асып жатыр.
Осыған байланысты Жылыой ауданында жағдай күрделенді.
Біз қазір Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласындамыз. 66 мыңға жуық тұрғыны бар Құлсары қаласымен Құрсай өзегі өтеді. Жем өзеніне биыл мол су келіп, қазір Құрсай өзегінің арнасы толды. Тіпті кей жерде арнасынан асып кетіп жатыр. Сондықтан аудандық штаб 2-ауыл және 3-ауыл ықшамаудандарының тұрғындарын эвакуациялауға шешім шығарған.
Қазір 7 эвакуациялық орын әзір. БатысТехИнвест мекемесінің автобустары тұрғындарды қауіпсіз жерге тасымалдап жатыр.
Қала тұрғындары, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, сарбаздар жаға бекіту жұмыстарымен үздіксіз, күндіз-түні айналысып жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер де жұмысшыларға ыстық тамақ тасып, қол ұшын созып жатыр.
Сақтықта қорлық жоқ қазір, міне аудандық әкімдіктің алдында да автобустар қойылған. Тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіруге әзір.
Теңіз кен орнында жұмыс істейтін аудан тұрғындары 5 күнге ақысы сақталатын демалысқа жіберіліп, қазір жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылды.
Аудан бойынша 16 қауіпті аймақ белгіленген. Ол жерлерде бөгеттерді нығайту жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр.
Құрсай өзегіне су басу қаупі төнгендіктен бөгеттерді нығайту жұмыстарына полиция, төтенше жағдайлар қызметі және әскери бөлімнен 321 қызметкер жұмылған. Ауыл тұрғындары мен еріктілерден 4030 адам көмекке келді. 121 техника жұмыс істеп жатыр. Ауыл тұрғындары және Төтенше жағдайлар қызметінің күшімен 7 мыңға тарта бас мал қауіпсіз жерге көшірілді.
Асланбек Шығыр, 24.KZ, Атырау облысы