Су тасқыны Каспийге әсер ете ме?
Жайықпен құйылып жатқан тасқын су теңіз деңгейіне қалай әсер етеді? Бұл тақырып қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Кейінгі 15 жылда Каспийдің солтүстік және шығыс жағалауы 7 пайызға төмендеген. Ал биылғыдай тасқында қалай болмақ? Қарт Каспий кемеріне келе ме?
Әлеуметтік желіге жүктелген бұл екі суреттің арасы – 60 жыл. Бір орыннан түсірілген суреттерден Каспийдегі су деңгейінің қалай өзгергенін көруге болады. Кейінгі жылдары теңіздің тартылып бара жатқаны белгілі. Алайда жазба авторы суреттің астына «Ал біз Каспий теңізі рекордтық таяз болды деп ойлап отырсақ?!» деп жазып, 60 жыл бұрын теңіздің бұдан да төмен түскенін меңзепті. Ғалымдар да Каспийдегі су көлемі өзгеріп тұратынын айтады.
Әмірхан Кеншімов, техника ғылымдарының кандидаты:
- Тоқсаныншы жылдардың басында осындай жағдай болған. Онда -22 белгіге дейін түскен. Содан кейін көтеріліп кетті. Көтерілгенде Волганың суы мол болды да, көтерілді. Енді қазір сол қайталанып жатыр. Бірақ бұл жолы -29 белгіге дейін түсіп жатыр, -29. Минус дегенім, ол теңіздің деңгейінен төмен деген сөз ғой.
Каспийдің кемерінен асып, тасуы немесе жағадан ондаған шақырымға қашуы климаттық, геологиялық және антропогендік факторларға тәуелді. Әрине, мұның ішінде антропогендік, яғни адамның ықпалы зор екені сөзсіз. Сонымен қатар климаттық өзгерістер де елеулі әсерін тигізеді. Мәселен, күн қатты ыстық болған жазда су көп буланады. Жалпы, бір жылда буланатын судың қалыңдығы 1 метрден асады.
Әмірхан Кеншімов, техника ғылымдарының кандидаты:
- Өзен-көлдердің сулылығы күннің цикліне байланысты. Күннің циклі – 11 жыл. Сол 11 жылдың кейбір жылдары су көп жылдар болады, кейбір жылдары су аз жылдар болады. 2019 жылдан бастап су аз жылдар циклына келдік. Міне, бес жыл су аз болып жатыр. Сондықтан, Каспийдің төмен түсіп кеткені соған байланысты.
«Қазгидрометтің» дерегіне сүйенсек, биылғы қаңтар-наурыз айларында теңіздің солтүстік бөлігіндегі орташа су деңгейі -29,19 метрді, шығыс бөлігінде -29,26 метрді көрсетті. Мұндай төмен көрсеткіш көптен бері болмаған дейді мамандар.
Айзат Елтай, "Қазгидромет" РМК ғылыми-зерттеу орталығы басқармасының бастығы:
- Ресей гидрометорталығының 2024 жылдың қаңтар-сәуір аралығына берген болжамы бойынша 2024 жылы теңіз деңгейі 2023 жылға қарағанда төмен болады деп болжанады. Бірақ қазіргі уақыттағы Волга өзені бассейніне қарасты өзендерде максималды деңгейдің нормадан жоғары болуы және Еділ-Кама каскадының су қоймаларынан су ағыны 154-184 км3 болады деп күтілуіне байланысты теңіздің орташа деңгейі гидрометорталықтың берген -28,79 метр болжамына қарағанда жоғары болуы мүмкін.
Десек те, адамның іс-әрекеті Каспийдің төмендеуіне тікелей әсер етіп отыр. Ғалымның айтуынша, ұзындығы 2,5 мың шақырым болатын Жайықтың алабында ірілі-ұсақты 3 мыңға жуық бөгет бар. Жайық суының едәуір бөлегін беретін Сақмар өзенінде екі ірі су қоймасы тұр. Сондай-ақ Еділдің бойында бірнеше электр станциясы салынды.
Әмірхан Кеншімов, техника ғылымдарының кандидаты:
- Сондықтан жай жылдары біздің Жайыққа келетін су аз. Жалпы, бұрын 9 текше километр болса, қазір орта есеппен 7 текше километр. Су аз жылдары 4 текше километрге дейін азайып кетеді. Егер осы үрдіс жалғасатын болса, онда әлі де болса төмендеуі мүмкін. Оның деңгейі -30-ға дейін төмен түсіп кетуі мүмкін.
Ғалымдар ХІХ ғасырдың ортасынан бері теңіздің бес мәрте тартылып, қайта толғанын айтады. Ал кейінгі 15 жылда теңіздің Қазақстанға тиесілі жағалауы 7 пайызға шегінген.
Нұрқанат Қанапия, 24.KZ