Арал қайтсе толады?
Жер-көкті су алып жатқанда, Арал неге толмайды?
Ауыл-ел, қалаларды басып жатқан суды неге Аралға бұрмаймыз? Көптің көкейіндегі сауал осы.
Ал ғалымдарымыз Сыр мен Әмудің бойында су қоймаларының көптеп тұрғызылып жатқанына алаңдайды.
Ауғанстан, Өзбекстан мен Тәжікстанда тұрғызылып жатқан су нысандарының салдарынан қос өзеннің суы тартылып, Кіші Аралдан да айырылуымыз мүмкін дейді олар.
Арал теңізі жетпіс жыл бұрын жаһандағы ең үлкен 4 көлдің қатарында еді. Қазір елдегі көлдердің арасында төртінші тұр. Каспий, Балқаш пен Алакөлден кейінгі орын Кіші Аралдың еншісінде. Қазір теңіздің айдыны 2800 шаршы шақырымнан асады. Ел билігі енді осы суды сақтап қалуға күш салып отыр. Дегенмен, ғалымдардың айтуынша, алдағы бір-екі жылда теңізге құятын өзендер суы күрт кемиді.
Әмірхан Кеншімов, техника ғылымдарының кандидаты:
- Ауғанстан үлкен Қоштөпе каналын салып жатыр. Канал қосылғаннан кейін суы жетпей қалады Әмударияның. Жетпегенде олар не істейді? Олар нагрузканы жаңағы сол Сырдарияға салуы да мүмкін. 1992 жылғы келісімге қарамай олар қаншама су қоймасын салып тастады. Олардың қазір әлеуеті, мына қыстыкүнгі сулардың, бұрын енді олар бізге түсіп жататын ғой, олар ала алмайтын. Қазір солардың 2-3 млрд алып қояды. Сонда бізге қыстыкүнгі сулардан біз құралақан қалуымыз мүмкін.
Аралды кемеріне келтіру туралы бірнеше жоба түзілді. Сібір өзендерін оңтүстікке бұру, шығыстағы Ертістен канал тарту сынды жобалар болған. Тіпті, қазір қоғам белсенділері тарапынан батысты басып жатқан тасқынды Аралға неге бұрмайды деген де сөздер айтылып қалады. Дегенмен, жауапты министрлік өкілі бұл идеяның ақылға сыймайтынын айтады.
Сәкен Әтел, ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
- Визуалды түрде су көп көрінгенмен солтүстік өңірлерде ол даже, айтылып жатыр ғой, Аралға неге жібермеске деген сияқты сөздер болып жатыр. Иә, техникалық тұрғыда канал қазып, Аралға дейін жеткізуге болады. Бірақ жаңа айтып өткендей, визуалды түрде көп көрінгенімен, ол су ұзын қашықтық болған соң ол су жетпейді. Өйткені, жайылып жатқан су, өзен арнасында қалатын су бар, су қоймаларында қалатын су бар. Сол себепті, су Аралға жетеді деген үлкен күмән бар.
Яғни бірер күндік қар суынан Аралға пайда жоқ. 1949 жылы академик Чокин «Трансқазақстандық канал» деп аталған жоба ұсынды. Сөйтіп, Ертіс-Обь өзенінен Аралға су тартуды көздеді. Бірақ бұл жобаның бір бөлігі ғана жүзеге асты. Ертістен Қарағандыға дейін Сәтбаев каналы тартылды.
Әмірхан Кеншімов, техника ғылымдарының кандидаты:
- Ертістің, Шүлбінің жоғарғы жағында 260-отметкіден суды алып, о жерге ешқандай насостың керегі жоқ. Ол жаңағы Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстанға дейін барып, кейін жаңағы қалған суды Торғайға тастау немесе бер жағынан Сарысуға тастау, Қаракеңгірдің басына. Бірақ, олардың барлығы Арал үшін емес, Арал бассейніне жібереді, бірақ экономиканы дамыту үшін керек. Өйткені ол жерде көп су ала алмаймыз көп су жеткізе алмаймыз.
Ғалымның айтуынша, мыңдаған шақырымнан суды жеткізгенше судың көп бөлігі құмға сіңеді, буланып ұшып кетеді. Және жолшыбай шаруашылықтар алып қалады. Жобаның қаржылық шығыны да орасан.
Сәкен Әтел, ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
- Бүгінгі таңда, қазір совет үкіметі тарағанына байланысты Қазақстан да, Өзбекстан да, Ресей мемлекеті де бөлек тәуелсіз мемлекеттер. Әр мемлекеттің өзінің саясаты бар, өзінің қызығушылықтар бар. Сәйкесінше аталған жоба бүгінгі күнде талқыланып жатқан жоқ. Ол сол совет уақытында талқыланып, сол совет уақытымен қалды.
Аралға құятын Сыр мен Әмударияның бойындағы елдерде халық саны күн санап өсіп келеді. Яғни келешекте су шығыны арта түспек. Кейінгі он жылда Ауғанстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда су қоймаларының құрылысы қарқын алды.
Әмірхан Кеншімов, техника ғылымдарының кандидаты:
- Жалпы су қоймаларының, екі өзеннің су қоймаларының көлемі 75 млрд текше метрге жетті. Ал енді Аралды қайтадан қалпына келтіру үшін жылына кем дегенде 60 млрд текше метр су келуі керек. Ол енді білмейм қайдан табылатынын. Табу мүмкін емес. Сондықтан Аралдың тағдыры бұлыңғыр.
Дегенмен, ылғал мол түсіп, су көп келетін жылдар болады. Ендігі жалғыз үміт Аралға да сондай бір кезең тап келер ме деген ой ғана.
Сәкен Әтел, ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
- Су аз кезең өтіп жатыр ғой. Оңтүстік өңірде әлі жалғасуда. Осы су аз кезеңнен су көп кезеңге өткен жағдайда Арал теңізіне су әрине көп мөлшерде келетін болады. Тиісінше Арал теңізінің көлемі де өсетін болады.
Былтыр Ташкентте Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қос өзеннің бойындағы су қоймаларының лимитін белгіледі. Құжат бойынша 1 сәуірге дейін Аралға 1,6 млрд текше метр су жіберу көзделді. Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілінің айтуынша, қазір Сырдариямен секундына 100 текше метр су келіп жатыр.
Нұрқанат Қанапия, Қанат Махмұтов