Аралдың табанынан тұщы су табылды
Арал теңізінің құрғаған табанынан тұщы су шықты.
500 метр тереңдіктен табылған тіршілік нәрі теңіз ұлтанын жасылдандыруға сеп болады, дейді мамандар. Қазір өңірде «Оазис» жобасы жүзеге асып жатыр. Теңіз табанына шөлге төзімді өсімдік егу жұмысы тоқсаныншы жылдары басталған. Содан бері қандай нәтиже бар?
Мына жайқалып өскен сексеуіл теңіз табанына тоқсаныншы жылдары егілген. Қазір кейбірінің биіктігі үш метрден асады. Маңайына түрлі шөп шығып, тіршілік жанданған. Кезінде бұл жердің құмы шығып, шаңы бұрқырап жататын,-дейді көнекөздер.
Тілепберген Мұханбетов, Арал ауданының тұрғыны:
- Сексеуілдің түбінің бәрі аң-құстардың қорегі пайда болып жатыр. Бұрын Барсакелмес қорығы бұл жерден алыс болатын. Қазір құландардың бәрі шығып, осы маңайды мекендеп жүр. Қояны бар, киігі бар, қазір көп аң-құстар келіп жатыр.
Орманшылар 2021 жылға дейін 192 мың гектар жерге сексеуіл, қарабарақ және сарсазан өсімдіктерін екті. Бұл алқап кейін табиғи өсім алып, 337 мың гектарға дейін ұлғайды. Ал осыдан 4 жыл бұрын мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша теңіз табанының 1,1 миллион гектарын жасыл желекке айналдыру межеленді. Бүгінгі таңда аталған көлемнің тең жартысы орындалды. Бұл жұмыстарға Қазалы ауданындағы тұқымбақ та үлес қосып келеді.
Мөлдір Валиева, "Орман селекциялық тұқым өсіру орталығы" РМҚК филиалының директоры:
- Үш гектардан миллион штук көшет алып Аралдың құрғаған табанына босатып отырмыз жыл сайын. Сапасы стандартқа сай 25-30 сантиметр. Ұлтанда көшеттің сапасы өте маңызды. Ол көшет ауырмаған болу керек, ол көшет ешқандай зиянкестермен зақымданбаған болу керек. Сондықтан оның шығымдылығы жоғары болады, Арал теңізінінің құрғаған табанында.
Аралдың табанынан 500 метр тереңдіктен тұщы су шықты. Жерастынан табылған тіршілік нәрі осы маңдағы қызыл кітапқа енген киік, құлан секілді жануарларды құрғақшылықтан құтқаруға сеп болады деп есептейді мамандар. Ұңғыманы қазуға шетелдік инвесторлар қолдау білдірген. Қазір бұл жерде «Оазис» жобасы жүзеге асып жатыр.
Серік Сермағамбетов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Аралды құтқару қорының территориясында 500 гектар жерді алып, сол жерде ұлтанның өзінде сондай тұқымбақты қалыптастырып жатыр. Бұл қызығушылықтың барлығы биылдан бастап Қазақстан мемлекеті осы аралды құтқару қорына төрағалық жасағанына байланысты болып жатыр деп есептеу керек.
Арал теңізі әлемдегі ең ірі төртінші көл болғаны белгілі. Қазір оның Қазақстан аумағындағы құрғап қалған көлемі 2,8 миллион гектарға жетті. «Бұл жерлерден жылына 100 миллион тоннадан астам шаң-тозаң ауаға көтеріліп, жер шарының әр түпкіріне ұшады. Тіпті Арктикаға жетіп, мұздақтардың еруін тездетуі мүмкін. Арал табанын орман-тоғайға айналдырса, улы тұз түйіршіктерінің көкке көтерілуін барынша азайтуға болады,-деп топшалайды экологтар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев