Жол бойын көгалдандыру маңызды
25 мың шақырымға созылған халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар
желісінің 6 мың шақырымнан астамы ғана жасыл желекпен көмкерілген. Сенатор Нұртөре Жүсіп бұған алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, тәуелсіздік алғалы елде әлемдік стандарттарға сай келетін автомагистральдар салынды. Алайда сол жолдың бойын көгалдандыру мәселесі шешілмей келеді. Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалында абаттандыру ұйымдары мен ғылыми институттар және ботаникалық бақтардың ынтымақтастық орнатпағанын сынға алды.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ тек Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстық филиалдарында 5 ағаш отырғызу учаскесі бар. Қалған аймақтарда бұл да жоқ. Аталған мекемелер бұрын егілген орманды баптау жұмыстарымен ғана шектеліп отыр. 2021-2023 жылдары республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына 3 мың түп ағаш пен көшет отырғызылған. Атап айтқанда, Алматы облысында 253 шақырым жолға 1,2 мың түп, Қарағанды облысында 982 шақырым жолға 1,6 мың түп тиіп отыр.