Баянауыл ұлттық паркінің аумағына қарағай отырғызылды
Павлодар облысының тұрғындары жаппай ағаш егуге шықты.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде жаңа саябақтар мен алаңдар пайда болды. Облыс орталығындағы үй аулаларының біріне қоғамдық қор өкілдері 40 қайың ағашын екті. Ал Баянауыл ұлттық паркінің аумағындағы орман алқаптары қарағай көшеттерімен толықты.
Туристер Жасыбай көлінің жағасына жаз бойы ағылады. Ұлттық парк қызметкерлері демалушылардан кейін тұрмыстық қалдықтар көп қалатынын айтады. Осы ретте кезекті маусымға дайындық тазалық шараларынан басталды.
Мұрат Жасұлан, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкері:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы және Дүниежүзілік парктер шеруі акциясымен бірге табиғатты қорғау бағытында ауқымды іс-шаралар қолға алынуда. Атап айтсақ орманды алқапты қоқыстан тазарту, бұлақтарды, бастауларды тазалау және де қарағай көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Баянауыл ұлттық паркі орман қорын ұлғайтуға мүдделі. Былтыр 145 мың түп қылқан жапырақты ағаш көшеті егілді. Қазір көктемгі ағаш егу науқаны қызған шақ.
Ерболат Төлебеков, Баянауыл орманшылығы басшысының орынбасары:
- Қазір гектарына 1200 қарағай ағаштары салынады. Қазір аяқтау үстіндеміз. Ағаштар жақсы, өсімі бәрі 50 пайызды құрайды.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Бұл 1997 жылы өрт шалған орман алқабы. Екі мың жиырма екінші жылдап бастап қалпына келтіру жұмыстары басталды. Орманшылар осы екі жыл ішінде 33 гектар алқапқа мынадай екі жылдық қарағай көшеттерін егіп жатыр. Жалпы, бір гектарға төрт мыңдай көшет егіледі.
Таулы аймақта техникамен жұмыс істеу қиын. Сондықтан мұндағы жұмыстың бәрі қолмен атқарылады. Тұқым қорын ұлттық парк қызметкерлері өздері дайындайды.
Аждар Жүсіпов, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:
- Біз қарағайды тұқымынан өсіреміз. Күзде 2,5 тонна қарағай бүрін жинап, қыста кептіріп алдық. Алынған тұқымның сапасын білу мақсатында сараптамаға жібереміз. Күзде тұқым себумен айналысамыз.
«Таза Қазақстан» акциясы жалпы облыстық сипатқа ие болды. Аудандар мен қалаларда жүздеген ағаш көшеттері егілді. Ал облыс орталығындағы үй аулаларының біріне 40 қайың ағашы сән бе тін болды.
Ербол Кеңгірбаев, әлеуметтік жобалар қорының жетекшісі:
- Бұл туған қаламызға және осы үйдің тұрғындарына жасаған сыйымыз. Осы көшеттер өсіп, келешекте бұл жер саябаққа айналса дейміз. Жасыл желектің күтімін жергілікті тұрғындар өз қолына алып, Қазақстанның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады деген сенімдеміз.
Алдағы демалыс күндері облыс аумағында экологиялық тазалық акциясы өтеді. Жалпы жылына екі рет өтетін кең ауқымды тазалық шарасына өндіріс ошақтары, мекемелер мен ұйымдар, жоғары оқу орындары және облыс халқы белсене атсалысып жүр.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев