ҚХА СҚО-да сенбілік ұйымдастырды
Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Бірлік күніне ерекше үндеу жолдады, деп хабарлайды 24KZ.
Игі бастаманы этномәдени бірлестіктер бірауыздан қолдап, бірігіп сенбілікке шықты. Олар су басқан аймақтарды күл-қоқыстан тазартып, зардап шеккен тұрғындармен бірге болды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
Петропавлда көктемгі тасқыннан бәрінен де Ойқала ықшамауданы зардап шекті. Бұл жақта 2 мыңнан аса үйді су басқан. Қазір табиғи апаттың беті бірте-бірте қайтып, жердің беті көріне бастады.
Тасқыннан кейінгі көрініс осындай. Судың бетіне қалқып шыққан тұрмыстық қалдықтар жан-жақта шашылып жатыр. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы мереке күні тазалық сенбілігін ұйымдастыруды ұйғарды. Олардың бұл бастамасын жүздеген адам қолдады.
Ольга Попова, қала тұрғыны:
- Халқымыздың бірлігі жүрегімізге жылу ұялатты. Үйімізді су басқанда еліміздің әр өңірі қолдау танытты. Осындай қиын сәтте жалғыз қалмадық. Бәріне алғыс айтамын.
Шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Біз біргеміз» ұранымен өтті. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың жағдайына әр ұлттың өкілі ортақтасты. «Бірлік осындайда білінеді», – дейді олар.
Сәлімхан Сәбитов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
- Әр түрлі ұлт осы жерде жүр. Қазақ болсын, әзербайжан болсын, неміс болсын, орыс болсын, бәрі осы жерде бірлесе отырып, бүгін осы су тасқынынан зардап шеккен Подгора тұрғындарына бүгін өзіміздің уақытымызды бөліп, келіп көмектесейік деп шешкен болатын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қазір осы бірлесе отырып, осы апатты да жеңеміз деп есептеймін.
Осындай сенбіліктер қала мен әр ауданда ұйымдастырылды. Су басқан аймақтарды 15 мың адам күл-қоқыстан тазартты. Жалпы облыс бойынша тасқыннан 4 мыңға жуық үйді су басқан. Қазір тұрғындарға бірреттік жәрдемақы беріліп, бүлінген мүлікті бағалау жүріп жатыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.