Ұлытау облысында «Таза су айдындары» акциясы басталды
Алғашқы экологиялық сенбілік Кеңгір су қоймасы жағалауында өтті.
Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен балықшылар және аңшылар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған іс-шараға студент жастар мен еріктілер де қатысты. Жезқазғандықтар жаз бойы осы жасанды көлдің жағалауында демалады. Сондықтан биыл да тұрмыстық қалдық көп. Экологиялық акция өңірдегі өзге де өзен-көлдерде жүргізіледі. Жалпы облыста 70-ке жуық ірілі-ұсақты су қоймасы мен бір мыңнан аса өзен бар.
Дениза Мейрамова, қала тұрғыны:
-Көл жағасында сенбілік өтетінін естігенде, бірден келістік. Себебі өзіміз суын ішіп, жағасында демалып жүрген су қойма тазалығы маңызды. Жалпы мұндай шара бұрын да ұйымдастырылатын. Биыл волонтерлердің қатары артқаны қуантады.
Ержан Төлебеков, Балық инспекциясы бөлімінің басшысы:
-Алпысқа жуық адам, үш ауыр жүк техникасы, он бес жеңіл автокөлік және екі қайық қатысты. Акция мақсаты – жағалау маңайын қоқыстан тазартып, иесіз қалған ау жабдықтарды тазалау.