«Алматы біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында арнайы шеру өтті
«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында бүгін мегаполисте арнайы шеру өтті.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған шарада суретшілер тұрмыстық қалдықтардан түрлі қорқынышты бейнелер жасап, қала жұртшылығының назарына ұсынды. Арт-жоба арқылы Алматы үшін үлкен проблемаға айналған қоршаған ортаның ластануына назар аудартып, халықты қаланы таза ұстауға шақырғымыз келді, дейді ұйымдастырушылар. Биыл шараға қатысуға 30-дан астам өтінім келіп түсті. Талапқа сай келген 15 арт-жоба іріктелді. Қоқыстан жасалған дүниелердің ішінен Әли Жадықовтың «Ластанған сана» жобасы үздік деп танылды. Студент бір миллион теңге сыйлыққа ие болды.
Евгения Сабитова, жоба продюсері:
- Мен бұл арт-жоба ауқымды шараға айналады деп үміттенемін. Себебі экологиялық мәселе Алматы үшін өте өткір. Қоршаған ортаны сақтауға әр адам үлес қоса алады. Ол үшін қарапайым қағидаларды күнделікті естен шығармаса жеткілікті.
София Ецкевич, қатысушы:
- Менің костюмім Қоқысбике Мұнайбайқызы деп аталады. Бұл екі суретшінің бірлескен жобасы. Алдымен Бостандық ауданын, Үлкен Алматы өзенінің жағалауын аралап, зерттеу жүргіздік. Мына костюмдегі қалдықтар сол жерлерден жиналды.