Қызылорда облысында 4 мың гектар алқаптағы егін тамшылатып суарылады
Биыл Қызылорда облысында 4 мың гектар алқаптағы егін тамшылатып суарылады.
Су үнемдеу әдісі бау-бақша және мал азығы дақылдарына қолданылады. Сонымен қатар, суды көп қажет етпейтін жүгері мен қант құмайының көлемі артады. Жаңа агротехнологияға негізделген жобалардың бірқатары шетелдік инвесторлармен бірлесе жүзеге асады.
Биыл Жалағаш ауданында мың гектар жерге тамшылатып суару әдісімен жүгері егіледі. Инвестициялық жоба ойдағыдай жүзеге асқан жағдайда, бұл көлемді келесі жылы үш есе арттыру жоспарланған. Шаруашылықтың күріштен басқа дақылға көшуінің себебі мынада.
Имамзада Шағыртаев, шаруа қожалығының төрағасы:
- Күріштен 20,30 есе суды аз пайдаланатыны белгілі. Мысалы, көлеммен айтсақ 100 гектар күріштің суына пайдаланатындай суды 3 мың гектар жүгері егуге болады тамшылатып суарумен.
Су тапшы кезде тығырықтан шығар жолды ғалымдар да ұсынып отыр. «Топырақтың тұздылығын төмендетіп, құнарын арттыру үшін - қант құмайын егу керек. Бұл дақыл құрамының 20 пайызын қант құрайды. Оны сиырға берсе, сүттілігі 2-3 есе артады»,-дейді мамандар.
Жанұзақ Байманов, техника ғылымдарының кандидаты:
- Қант құмайының бір ерекшелігі - топырақ тұздылығымен қатар, су тапшылығына өте төзімді. Одан мал азықтық дақыл ретінде де танылып отыр. Сонымен қатар онымен жоңышқа дақылын да бүркемелеп егуге болатынын біз дәлелдеп отырмыз.
Аймақта су үнемдеу технологиясына қатысты биыл 4 жоба жүзеге асады.
Жүсіпбек Әжібеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Су үнемдеу технологияларын қолдануға, оның ішінде тамшылатып, жаңбырлатып суаруға биыл 4 мың 200 гектарға межелеп отырмыз. Бұл бағытта біздің шаруашылықтардың облыс бойынша инвестициялық жобалары да бар. Атап айтсақ, Арал ауданында 200 гектарға жоңышқа дақылын жаңбырлатып суару әдісімен егу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, биыл өңірде 187 мың 500 гектар жерге дән себіледі. Оның 78 мың 300 гектары сыр маржанының үлесінде. Күріш алқабының көлемі былтырғыға қарағанда 10 мың 800 гектарға қысқарған.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев