Ақтөбе маңындағы орман алқабынан 60 тонна қоқыс шығарылды
Ақтөбеде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Осы жолы 500-ге жуық адам қала маңындағы орман алқабынан 60 тонна көлемінде қоқыс шығарды. Бұл іске орманшылардан бөлек, «Жасыл ел» жасағының мүшелері де қатысты.
Акция орман алқабының 180 гектар аумағын қамтыды. Бұл жерде қарағаш пен қарағай және бірнеше жеміс-жидек түрі өседі. Яғни, серуендеп келетіндер қатары қалың болғандықтан, айналасы қоқысқа толады. Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі қызметкерлері үшін қалдықтарды жинау қалыпты жағдай болса, бүгін оларға студенттер көмекке келді.
Ақбота Қитанова, студент:
- Адамдар ішіп-жегенін жолдың жиегіне лақтырып тастап кете береді, үйден шыққан қоқыстары орман арасынан көрінбейді деп ойлайды. Бірақ ол көптеген лас заттарды тастағаннан орман құртылып бара жатыр. Тазалық керек. Соған көмектесуге келіп тұрмыз.
Нарқыз Қуанышева, орман шебері:
- Жалпы Ақтөбе орман шаруашылығы бойынша Елек, Қарғалы, Ленин орман шаруашылығы болып бөлінеді. Қазір күл-қоқысты жинап жатырмыз. Сосын минералды жолақтар жүргіземіз. Біздер осындай «Жасыл ел» жасақтарын бергенде сол «Жасыл ел» көмегімен жүргіземіз, сосын өзіміздің орманшылардың көмегімен жүргіземіз.
Орман алқабы өрт қаупі жоғары аумақ саналады. Сол себепті қауіпсіздік пен тазалық бірінші орында. Бүгінгі акция аясында жиналған қоқыс жүк көліктеріне тиеліп, полигонға жөнелтілді. Ал мекеме қызметкерлері сәуір айынан бері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Енді күзге дейін өсімдік қорын қорғауға баса мән береді.
Жомарт Бақыткелдіұлы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
- Бізде күнделікті жүргізілетін жұмыстардың бірі – ол қоқыстан тазалау, жасыл желектерді қорғау. Өрттің алдын алу бойынша кезекшілік ұйымдастырылған, ол күндіз де, түнде де жүргізіледі. Биылға біздің қарап жатқанымыз – ол мына орман өрттерін болдырмау және оның алдын алу бойынша техникалар. Қазір арнайы өрт сөндіру техникаларын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазір облыс аумағында 9 орман шаруашылығы бар. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына орай бәрінде тазалық жұмыстары жүріп жатыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов.