Су тасқыны. Атыраудағы арпалыс жалғасып жатыр

Атырауда тасқын судың беті әлі қайтар емес. Күні бүгін Махамбет ауданына қарасты ауылдар мен облыс орталығының іргесіндегі ауылдарда сақтық шарасы күшейтілді.

Елді мекендердерді тасқыннан қорғау мақсатында облыстық жедел штабтың шешімімен «Атырау-Орал» автомагистралы бойынан су өтетін жылғалар жасақталуда. Әзірге ауылдарға төнген қауіп жоқ. Дегенмен барлық күш өзен суын тікелей теңізге бағыттауға жұмсалып жатыр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Кеше «Атырау-Орал" тас жолының бір бөлігінде құбыр салу жұмыстары жүргізілетіні туралы облыстық жедел штаб хабарлаған болатын.

Өткен түнгі сағат 00.00 – 06.00-ге Махамбет ауданына қарасты елді мекендерге таяу учаскеге су өткізгіш құбырлар салынды. Түнгі жүргіншілер балама жол "Атырау - Хамит Ерғалиев - Махамбет" арқылы сапарларын жалғастырған болатын. Бүгін құбыр құрылысы аяқталды. Төте жол ашық.

Сондай-ақ Соколок каналы бойында тәуліктік кезекшілік жалғасуда. Канал бойында 50-ге тарта адам, 36 техника үш учаскеге бөлініп, жұмыс істеп жатыр. Тәулік бойы қойылған кезекшілер бөгет бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Соколок каналының жалпы ұзындығы – 32 шақырым. Биыл тасқынға байланысты оған балама ұзындығы 24 шақырымдық тағы бір арна жасақталған. Бұл каналдар Атырау қаласын айналып, тікелей теңізге құяды. Оның өткізу қабілеті секундына 100 текше метр.

Сондай-ақ кеше Сарытоғой ауылы аудан орталығымен қатынас үзілгенін айтқан едік. Кеше кешкісін уақытша пайдаланатын өткел салынды. Ол жолмен жаяу жүргіншілер және жеңіл автокөліктер жүре алады.

Махамбет пен Сарытоғай ауылдарын жалғайтын жол да су деңгейін төмендету мақсатында жырылған еді. Қазір Махамбетте 3 ауылды су қоршау қаупі бар. Сондықтан облыс орталығында 94 эвакуациялық пункт әзір тұр. 10 мыңнан астам орын бар. 17 мамырдан бері Талдыкөл ауылының 223 тұрғыны осы бекеттерде тұрып жатыр.

Арыстанбек Кенже, 24.KZ, Атырау облысы