Өскеменде 400-ден астам қоқыс алаңы тазартылды

Бұл – «Таза Қазақстан» науқаны аясында бір айдың ішінде атқарылған шаруа.

Коммуналдық қызмет мамандары тұрғындармен бірлесе, қаладан 3 мың текше метр тұрмыстық қалдық шығарған. Қоғам белсенділері заңсыз қоқыс тасталған орындарды картадан белгілейді. Ол жерлер арнайы техникамен тазартылған соң фотоға түсіріп, халыққа көрсетеді.

Айта кету керек, экологтар Шығыс Қазақстан облысының орталығын ең лас елді мекендердің біріне жатқызады. Бұдан әрі тізімде Ұлан және Шемонаиха ауданы тұр. Қазірдің өзінде бірқатар ауылда қоқыс сақтауға арналған арнайы орын жоқ.

Арайлым Мукушева, Өскемен қалалық аумақтық басқармасының орталық жетекшісі:

- Күн сайын қала аумағында тұрмыстық қатты қалдықтар жиналады. «Таза Өскемен» мекемесінің қызметкерлері қоқыс жәшіктерін тазартқанымен, келесі күні сол маңда және басқа орында тау төбе қоқыс жатады. Заңсыз қоқыс тасталған орындарды қоғам белсенділері байқап, тиісті органдарға хабарлайды. Осылайша, тазалық жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.