Метеорологтар: Биыл Еуропаға тағы аптап келе жатыр

Биылғы жаз Еуропада тағы да ыстық болады. Бұл туралы Ортамерзімді күн райын болжайтын еуропалық орталық мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

«Кәрі құрлық» ыстық десе шошитын жағдайға жеткен. Алдыңғы жылы Еуропаның көптеген бөлігінде сынап бағанасы 40 градустан асып, аптаптан 62 мыңға жуық адам ажал құшқан болатын. Ыстыққа не себеп болуы мүмкін?

Метеорологтар Еуропадағы күннің ысуына ормандағы өрт пен құрғақшылық себеп болады дейді.

Еуропа – біздің Қазақстан азаматтары жиі баратын аймақ. Сондықтан отандастарымызға да сақ болған жөн сияқты.

 

Мексикада ми қайнатқан ыстық орнады

Мексикада температура бағаны 47 градустан асты. Мамандар елде аптап ыстықтың үшінші толқыны басталғанын хабарлады. Әсіресе, 9 штат тұрғындарына қиын соғып жатыр. Наурыз айынан бері Мексикада 26 адам ыстық салдарынан көз жұмған. Ал Табаско штатында жоғары температуға шыдай алмай жан тәсілім еткен немесе өлім халінде жатқан 138 маймыл табылды. Мамандар приматтардың тіршілік ету ортасы бұзылғанын айтады.

Гилберто Позо, эколог:

- Шамадан тыс аптап ыстыққа адамдар, өзіміз кінәліміз. Ағаштарды отап, орманды жалаңаштап, өртеп, бей-берекет аңшылық жасап, табиғаттың мазасын алдық. Экожүйенің үйлесімі бұзылды. Маймылдар қалыпты тіршілік ортасынан айырылып қалды.

 

Үндістанда ауа температурасы 48 градусқа жуықтады 

Үндістанда да аптап ыстық. Ел астанасы Нью-Делиде ауа температурасы 48 градусқа жақындады. Тұрғындар сая таппай қиналып жүр. Әсіресе, ашық күннің астында үзбей жұмыс істейтін құрылысшыларға ауыр. Қанша ыстық болса да, оларға жұмысты тоқтатуға болмайды. Сондағы 1 күнде алатын жалақысы біздің ақшаға шаққанда 3500 теңгеге жетпейді. Панджаб, Раджастан, Уттар Прадеш пен Хариана штатында да күн қатты ысып кеткен. Былтыр бұл елде жоғары температурадан 150-ден астам тұрғын көз жұмған еді.

Бануари Синх, құрылысшы:

- Ми қайнатқан ыстықты жұмыс істеу өте қиын. Естен танып, құлап жатқан әріптестеріміз бар. Жұмысты тоқтатсақ, ақшасыз қаламыз. Жоғары температурада темірлер қатты қызады. Оларды ұстап жұмыс істеудің өзі қиямет-қайым.

 

Пәкістанда алдағы 10 күнде өте ыстық болады

Пәкістанда аптап ыстықтың екінші толқыны келді. Метеорологтар мамыр айында сынап бағанасы 51 градусқа жетеді дейді. Апта аяғында тіпті ыстық дауыл тұруы мүмкін. Халық саны 130 миллионнан асатын Синд және Пенджаб провинцияларында мектептер жабылды. Ауруханаларда қосымша палаталар ашылған. Өйткені ыстыққа байланысты науқастар саны көбейеді деген болжам бар. Билік тұрғындарға далада көп жүрмеуге кеңес беріп жатыр.

Сахиб Хусейн, метеоролог:

- Пәкістанның Метеорлогиялық бюросы Синд пен Пенджаб провинцияларында алдағы 10 күн бойы аптап ыстық болатынын ескертеді. Мамыр айындағы температура әдеттегіден 8 градусқа жоғары болып жатыр. Қазір климат бұрынғыдай емес, мүлде басқаша. Сондықтан сақтық шараларын күшейткен дұрыс.

Иә, жаз басталмай жатып аптап әлемнің біраз елін қыспаққа алды. Ыстық – электр энергияның соры. Көлеңке мен судан сая таппаған жұрт ауа баптағыш қосып жан сауғалағысы келеді. Ресейдің «Жасылдар» партиясы Мәскеу мэрі ескерту хат жолдады. Онда экологтар Мәскеу үшін 40 градус ыстық қалыпты жағдайға айналады, өлім-жітім көбейіп, еңбек өнімділігі төмендеп, ағаштар құрап, құстар қырылады деп дабыл қаққан. Жаман айтпай, жақсы жоқ.