Ертіс өзеніне Сібір бекіресі жіберілді
Павлодар өңіріне жеткізілген 3 шабақ Шығыс Қазақстан облысындағы су қоймасында өсірілген, деп хабарлайды 24KZ.
Ертісте балықтың бұл түрі өте сирек кездеседі. Ихтиологтар табиғи өсімді қалпына келтіру үшін экологиялық акция өткізіп жатыр.
Ертіс өзенінде Сібір бекіресінің екі түрі кездеседі. Біреуі осы өзенде ғана тіршілік етеді. Ал екіншісі – өзен арқылы өтіп, Солтүстік мұзды мұхитқа барып, уылдырық шашатын түрі. Ихтиологтардың айтуынша, соңғы 20 жылда құнды балық жойылып кеткен. Сол олқылықтың орнын толтыруға алғашқы қадам жасалып жатыр.
Александр Убаськин, ихтиолог:
- Ертіс өзеніне жіберілген бекірелермен бағалы балық саны артып, дамып кетеді деуге әлі ерте. Бірақ тіршілік етуіне, бейімделуіне қолайлы жағдай бар. Бүгінгі акцияның маңызы өте зор. Сібір бекіресі толық қалпына келтірілмесе де, өзендегі құнды балықтардың қатарын толтырады деген үмітіміз бар.
Бекіре тұқымдас балықтың тарихи мекенінде жойылып кетуінің бірнеше себебі бар. Ертіс өзеніндегі гидротехникалық құрылғылар балықтың уылдырық шашатын жерге өтетін жолын бөгеп тастаған. Қызыл кітапқа енген балық экологияның ластануы мен браконьерлердің кесірінен де жойылып жатыр.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Ертіс өзенін балықтандыру ісі жыл сайын жүргізіледі. Дегенмен бұл шараның орны бөлек. Өйткені өзенге Сібір бекіресінің 2-3 жасар тұқымы жіберіліп жатыр. Экологиялық акцияға біз де үлесімізді қосып жатырмыз.
Болжам бойынша жаңа ортаға жіберілген бағалы балықтың шамамен 60%-і аман қалады. Мамандардың айтуынша, бекіре ұзақ өмір сүреді. Ұзындығы 1,5 метрге дейін жетеді. Салмағы 30 келіден асады. Тек 12-14 жылдан кейін ғана тұқым бере бастайды.
Самал Темірболатова, Павлодар облысы балық инспекциясының бөлім басшысы:
- Негізі «балықтардың жіберілген жеріне қайта оралатын қасиеті бар» деп жатады. Сондықтан бұл бекірелер де біздің өңірде тұрақтап қалады деп ойлаймын. Балық қоры болашақта арта түседі деп сенеміз.
Ихтиологтардың пікіріне сүйенсек, бекіре тұқымдас балықтың популяциясын қалпына келтіру үшін Ертіс өзеніне кем дегенде 700 мың дана бекіре жіберу қажет. Ал табиғат жанашырлары жойылып бара жатқан балық түрін көбейтуге балық инспекциясы ғана емес, ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар да атсалысуы керек екенін айтады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев.