Жетісу облысында 20 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. LIVE
Жетісу облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 20 мың тоннадан аса тұрмыстық қалдық шығарылды.
Сәуір айында басталған тазалық шаралары аймақта әлі жалғасып жатыр. Ең ауқымдысы бүгін Талдықорған қаласында ұйымдастырылды.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Тазалық жұмыстары Талдықорғанды қақ жарып ағатын Қаратал өзені бойында жүргізіліп жатыр. Көпшілік іске кіріспес бұрын шағын жиналыс өткізіліп, сақтық шаралары түсіндірілді. Себебі көктемнен бері тасып жатқан өзенінің екпіні әлі басылған жоқ. Сондықтан ағын суға жақындамау қауіпсіз жерді ғана ретке келтіру керектігі айтылды. Сенбілікке қоғамдық ұйымдардың, жастар ресурстық орталығының мамандарын, еріктілерді, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің келгенін байқадық. Сөйтіп, шағын шахар аумағын тазалауға атсалысып жатқанын көрдік. Десе де жұмыстың негізгі жауапкершілік жүгі коммуналдық мекемеге жүктеліп отыр.
Сенбіліктерден бөлек, Жетісу облысының аумағында 67 қоқыс үйіндісінің бар екені ғарыштық мониторинг барысында анықталды. Коммуналдық мекемелер сол жерлердегі тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын шығарды.
Жалпы мамандардың айтуынша, өңірде 20 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылған.