Талдықорғанда «Таза бейсенбі» акциясына 200-ден аса адам қатысты

Бүгін ел бойынша «Таза бейсенбі» акциясы өтті, деп хабарлайды 24kz.

«AMANAT» партиясының бастамасымен Жетісу, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары мен Түркістан қаласында ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде  Талдықорғанда да ауқымды шара болды. Көпшілік қаланың ортасынан өтетін Қаратал өзенінің бойын қоқыстан тазартты.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қаратал өзенінің екпіні әлі басылған жоқ. Сондықтан сенбілікке жиналғандарға алдымен сақтық шарасы түсіндірілді. Табиғат аясын тазалауға келгендердің көбі Әлихан Еркінбек сияқты жасөспірімдер.

Әлихан Еркінбек, оқушы:

- Қазақстан біздің жеріміз ғой. Біз жерімізде қарап, күту керекпіз. Біз қарамасақ кім қарайды? Сондықтан біз жас болашақ ұрпақ тазалықты ұстауға үлес қосып жатырмыз.

«Таза бейсенбі» акциясына ардагерлер, еріктілер, «Жасыл ел» жасағы және жастар ұйымдары мен әртүрлі мекеме өкілдерінен жиналған 200-ден аса адам қатысты. Олар 60-тан аса техниканың көмегімен 300 тонна қоқыс шығарды.

Арыстанғали Арын, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы:

- Бұл акцияның басты мақсаты құр тазалау емес. Бұл жалпы  мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Экологиялық тазалыққа жастарды үйрету, осыған үндеу жасау осыған үлгі болу.

Сәкен Баясыл, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- 5 мың тоннадан аса қоқыс үйіндісі шығарылды. Және де 29 мыңнан астам жасыл желектер отырғызылды. Қазір облыс аумағында 10 мыңнан астам адам жұмыс істуде.

Шығыс Қазақстан облысында қоғам белсенділері ондаған қоқыс полигонын тазартты. Мәселен, бір ғана Ұлан ауданы Таврия ауылынан екі мың текше метрден астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Акция аясында курорттық аймақ айналасы ретке келтіріліп, бұлақтар мен тасжолдардың бойы қоқыстан тазартылды. Балаларға арналған сауықтыру лагерьлерінің алаңы да абаттандырыд.

Сайрангүл Жұмаділова, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрайымы:

- Қазіргі уақытта осы Ұлан ауданының аумағында 150-ден астам жұмысшы жұмыс атқаруда. Оның ішінде мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының басшылары және еріктілер, «Жастар рухының» жастары және осы акцияға атсалысам деген осы аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер бар. Барлығы бір адамдай атсалысып жатыр.

Ал Алматы облысы Балқаш ауданының тұрғындары Миялы және Бақбақты ауылындағы саябақтарды қоқыстан тазартты. Ондағы тал-теректердің діңін ақтап, ауыл көшелерінің ажарын кіргізді. Бұл жұмыстар өңірдің барлық ауданында жалғасын тапты. Бүгінгі күнге дейін аймақтан 100 мың тоннадай қоқыс шығарылып, 50 мыңға жуық ағаш көшеті егілді.

Бибігүл Хамзина, Бақбақты ауылының тұрғыны:

- Акцияға ауданнан 19 мыңнан астам халық қатысты. 40 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылып, 30 километрден астам өзен-су жағалары тазаланды. Сонымен қатар 4 мыңнан астам ағаш көшеттері егілді.

Түркістандық табиғат жанашырлары «Ортақ» шағын ауданында сенбілік өткізді. 40 мың шаршы метр аумақты ретке келтіріп, теміржол бойын күл-қоқыстан тазартты. Қала сыртындағы бұл маң тұрғындардың тұрмыстық қалдық төгетін орнына айналған еді

Қалима Жантөреева, облыстық мәслихат депутаты:

- Шауғар деген мөлтек аудан өте лас мөлтек аудан. Он бас бастауыш партия ұйымы бүгін осы жерде жұмыс істеп жатыр. Бұл табиғатқа деген жанашырлық, экологиялық мәдениетті қалыптастыру ғана емес, бұл тәрбие. Өзіңе, үйіңе қалай қарасаң, қоршаған ортаға да солай қарау керек. Тазалық әдетке айналуы керек.

Партия өкілдері тазалық акциясын енді тұрақты түрде өткізбек. Әрі табиғат тазалығына қатысты мәселелерді шешуге ықпал етуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов