Астаналық ғалымдар «Таза бейсенбі» акциясына қатысты
Олар қоршаған ортаны тазалап, жастарға қоқыстың зиянын түсіндірді.
Тұрмыстық қатты қалдықтардың агро салаға келтірер залалы көп көрінеді.
Жылына 4,5 млн тонна қоқыс жиналады. Оның тек 24 пайызы ғана қайта кәдеге асады. Ал қалғаны иісі қолқаны қабатын полигондарда таудай болып үйіліп жатыр. Оның қоршаған орта мен адам денсаулығына зиян екені белгілі. Әсіресе агросекторға келер зардап көп көрінеді. Таза бейсенбі акциясына қатысқан жас ғалым Бексұлтан Арын осылай дейді.
Бексұлтан Арын, жас ғалым:
- Жерге тасталған қоқыстар ұзақ жылдар бойы жерде жатады шірімей. Яғни мынау өсімдік дүниесін құнарсыздандырады. Сондай-ақ мынау өсімдікті мал шаруашылығы да пайдаланады. Қазіргі таңда жануарлар азығы өте тапшы болып келе жатыр. Оның бір себебі жерде жатқан қоқыстардың әсерінен болып жатыр. Сонымен қатар бұл адам денсаулығына да өте пайдалы. Себебі адам өсімдіктерден оттегіні алып, көмірқышқыл газын шығарады.
Мұхаммед Болысбек, «Amanat» партиясы АҚФ атқарушы хатшысы:
- Бүгін төрт жүзден астам қатысушы келіп, сенбілікке қатысып отыр. Оның ішінде біздің ғалым, профессорларымыз да бар. Олар өздерінің ұсыныстарын білдіріп, өткенде осы акцияның бастауын көргеннен кейін өздері ұсыныстарын білдіріп, бүгін міне қатысып отыр. Қалаға кіріп келіп отырған әрбір азамат үшін қала туралы пікір осы сыртынан басталады. Сондықтан да енді осы қаланың сырт жағындағы аймақтарды тазалап, сенбілік жұмыстарын ұйымдастырып отырмыз.
Сондай-ақ әскери кафедраның сарбаздары да акцияға атсалысты. Отанды қорғау тек шекара шебін күзетумен ғана емес, қоршаған ортаны таза ұстаудан да тұрады, дейді олар.
Ердәулет Шайхасым, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті әскери кафедрасының 3-взвод командирі:
- Табиғаттың тазалығына жауап беру біздің әрбір азаматтың борышы деп ойлаймыз. Сондықтан да біз осы әскери кафедрадағы бір күнімізді осы сенбілікке, қаламызды тазалауға атсалысып, бір күнімізді осыған арнадық. Қоқыстарды тазалау барысында біз көптеген қоқыстарды көрдік. Ішінде целофан пакеттердің көптігін көрдік. Ол целофан пакеттердің біздің топыраққа, эрозияға және қаланың көрінісіне кері әсерін тигізетінін білеміз.
Өткен аптада да 500-ге жуық табиғат жанашыры қала аумағын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаға қамқорлық танытқан еді. Олар шамамен 20 тонна қалдықты жиып, полигондарға жөнелтті.
Шернияз Жалғасбекұлы, Ербол Дайыров