Маңғыстау облысында Кіші Оймаша көлі қоқыстан тазартылды

Ақтауға жақын жердегі Кіші Оймаша көлінен бірнеше тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды 24KZ.

Айта кетсек, Маңғыстауда «Таза Қазақстан» эконауқаны аясында елді мекендер аумағын абаттандыру, санитарлық тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жолғы сенбілік Мұнайлы ауданында өтті. Жағалауда шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарды жинауға тұрғындардан бөлек, экологтар мен мемлекеттік қызметшілер де белсене атсалысты. Ескертулерге қарамастан белгісіз біреулердің көлікпен тиеп әкеп, көл іргесіне қоқыс тастауы тыйылар емес. Осыған байланысты қоғам белсенділері: «Оймаша маңын бақылауды күшейту керек», – дейді.  

Мақсат Қанатбаев, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

- Мына сырттан, даладан келіп төгіп, қысы-жазы шіріп жатады. Осы жердің иісінен енді адам тұру мүмкін емес бұл жерде. Көлдің айналасын бүгін тазалап жатыр екен. Болашақта қоқыс төкпейтіндей етіп бірдеңемен қоршаса екен.

Орынбасар Тоғжанов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңес төрағасы:

- Тостақандай болған Оймаша көлі осының жағасына келіп, біздің халық қайта-қайта қоқыс тастай береді. Осы жерде жыл сайын бір емес бірнеше рет тазалық жұмыстары жүреді. Бірақ қоқыстан арылатын емес. Мына құқық қорғаушы адамдар осы ластап жүрген адамдарды, әкеліп қоқысын төгетін адамдарды жазалау шарасын күшейтуі керек.