Мәртөк ауылында қоқыс алаңы жойылды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ауыл-аймақтарда да өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ақтөбе облысының Мәртөк ауылында 100-ден астам адам жабайы қоқыс алаңын жоюға үлес қосты. «AMANAT» партиясы мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен шараға мемлекеттік қызметкерлер, жастар ұйымдарының мүшелері және еріктілер қатысты. Олар ауыл шетінде пайда болған қоқыс орнын тазалап, бірнеше техниканың көмегімен арнайы полигонға жеткізді. Мәртөктік тұрғындар әр бейсенбі сайын тазалық шараларына қатысуды әдетке айналдырған. Жалпы жыл басынан бері ауылдан 200 тонна көлемінде қоқыс шығарылды.
Бақытгүл Абдуллина, Мәртөк аудандық мәслихатының депутаты:
- Осы бейсенбілікке әрбір өзіміздің алдын ала бөлініп берілген учаскелеріміз бар. Әрбір депутатқа, әрбір бөлім басшысына және бастауыш партия ұйымдарының мүшелеріне. Ол бейсенбіліктен басқа уақытта осы бөлінген жердің тазалығы, тәртібіне біздер жауаптымыз.