Қостанайда «Таза ойындар» экологиялық акциясы өтті

Қостанайлық жастар «Таза ойындар» атты экологиялық акция өткізді, деп хабарлайды 24KZ.

Олар бірнеше командаға бөлініп, қоқыс жинаудан өзара сайысқа түсті. «Экологиялық мәдениетті қалыптастырудың мұндай түрі, қызықты әрі пайдалы», – дейді ұйымдастырушылар.

Жағажайда жиналған жастар іске кіріспес бұрын жарты сағат би билеп, ән айтып, көңіл сергітіп алды. Сосын «Таза ойындар» жарысына кезек берілді.

Жастар ресурстар орталығы, Жастар ассамблеясы өкілдері, «Жасыл ел» сарбаздары мен еріктілерден құралған 6 команда қоқыс жинауға кірісті. 10 адамнан тұратын әр командаға 3 қапшықтан берілді. Олар белгілі бір уақыт ішінде шыны, пластик, металл қалдықтарды жеке қапшықтарға салып, алып келуі керек. Оның салмағына қарай жеңімпаз анықталады.

Абай Дүйсеков, облыстық Жастар ресурстары орталығының директоры:

- Экологиялық акция – тек қана осы жерлерді жинап қоймай, ол жастардың арасында олардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Мемлекет басшысы айтқандай Қазақстанның әрбір қаласы, ауданы, ауыл мекені болсын, таза болуы керек, тазалықта ұстау керек. Біз жастармен, сосын мынау жақын жерде қалалық жағажай бар, сондағы демалып жатқан адамдармен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ойын түрінде өткен экологиялық шараға 60-қа жуық адам қатысты. Олар жағажай аумағынан шамамен жарты тоннадай қоқыс жинады.

Достияр Хұсайынов, акцияға қатысушы:

- Жеңгіміз келеді. Бәрінен көп ұпай алғымыз келеді. Ең бастысы ол өз қаламызды қалай жақсы көретінімізді көрсету, экологиясын көтеру, қоқыстың бәрін жинау.

Қоршаған ортаны таза ұстап, экологияға ұқыпты қарауға шақыратын мұндай шаралар өңірдегі барлық аудан, қалада өтті. Жалпы саны 20-дан астам түрлі акция, флешмоб, челлендж ұйымдастырылды.

Ал «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы сәуірден бергі аралықта облыс бойынша 127 мың тонна тұрмыс қалдықтары шығарылып, рұқсат етілмеген 106 қоқыс алаңы жойылған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.