Маңғыстауда экобайқау жарияланды
Маңғыстауда «Таным» атауымен экобайқау жарияланды, деп хабарлайды 24KZ.
Шара сенбіліктерге белсене қатысқан өңір тұрғындарын көпке дәріптеуді көздейді. Табиғатты таза ұстауға шақыратын байқау 3 айға жалғасады. Жеңімпаздар күзде Ақтауда өтетін экофестиваль кезінде 5 номинация бойынша марапатталады. Айталық, «Жас экобелсенді» аталымы қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға ерекше үлес қосқан жас буын өкілін қоғамға үлгі етеді. Жүлде қоры – 10 млн теңге. Әр номинацияда топ жарғандар 100 мың теңгеге ие болады. Бұдан бөлек, таяу күндері Ақтауда жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау бағытында гранттар бөлу бойынша форум өткізу жоспарланған.
Әсел Балманова, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Сонымен қатар оқушылардың арасында макулатура тапсыру арқылы бас жүлде – планшет берілетін болады. Бұл да біздің табиғи ресурстар басқармасының қолдауымен жүргізіліп жатыр. Одан кейін Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен ОСИ-лердің арасында «Үздік аула», «Үздік аула жинаушы» деген тақырыпта да экологиялық конкурс өткізілгелі жатыр.