Павлодарда «Таза бейсенбі» экоакциясы ұйымдастырылды

Павлодарда «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бұл жолы «Аманат» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырды.

Жетпіске тарта адам Усолка шағын ауданындағы Ертіс жағалауын тазалауға шықты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы басталған сәттен бері аймақтың елді мекендері аумағынан 72 мың тонна қоқыс шығарылыпты. 29 мың көшет отырғызылған. Бұл іске 200 мыңдай тұрғын қатысқан. Туған жерді көріктендіру мен тазалығын сақтауда әсіресе жастардың белсенділігі байқалады. Усолка өзенінің бойындағы орман алқабын тазартуға волонтерлар, партия белсенділері мен қарапайым қала тұрғындары атсалысты. Партия ұйымы өкілдерінің айтуынша мұндай жұмысты апта сайын үзбей өткізіп келеді.

Дулат Жұмаділов, "Amanat" партиясы Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыру бақылау бөлімінің басшысы:

- «Жастар рухы» жастар қанаты, жалпы партияластармен бірге Усолка шағын ауданындағы көпірдің маңайын жинауға келдік. Бұл іс-шара тұрақты негізде өтеді. Енді алда тағы жоспарлар бар. Ертіс жағалауын тазалау және бұл акцияны аудандарда жалғастыру.