Маңғыстауда «Сәтті сәрсенбі» тазалық акциясы басталды
Маңғыстауда «Сәтті сәрсенбі» атауымен кезекті тазалық акциясы басталды.
Бұл жолғы шараның мақсаты - Каспий жағалауын абаттандыру. «Таза Қазақстан» эконауқаны аясында қолға алынған игі бастамаға ақтаулықтар белсене қатысып жатыр. Жастар және әртүрлі сала қызметкерлері қолына қапшық алып, қала жағажайынан тұрмыстық қалдықтарды жинауда. Жаз айлары күніне мыңдаған адам теңіздің мөлдір суына шомылып, тұз аралас құмды жиегінде демалады. Өкінішке орай, кейбірі қоқыс тастап кетеді. Табиғат жанашырларының айтуынша, тазалық акциясы әр сәрсенбі сайын өткізіледі. Келесі шара «Кендірлі» демалыс орнында жалғасады.
Орынай Қырымкерейқызы, «Жасыл ел» жастар жасағының мүшесі:
«Сәтті сәрсенбіде - тазалық сәні де» ұранымен Ақтау қаласы жастарымен теңіз жағасында тазалық жұмыстарын жүргізудеміз. Қазіргі таңда бұлар қаламыздың дамуына және де тазалығына көп үлесін қосады. Сонымен қатар, жастарды еңбекке баулуға, осы табиғатты аялауға өз үлесін қосады деген сенімдеміз».