Ұлытау облысында жаңа жұмыс аптасы тазалық шарасымен басталды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдің барлық қала-ауданында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Бұл жолы мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйым қызметкерлері белсенділік танытты. Оған 2 мыңға тарта адам мен 57 арнайы техника жұмылдырылды.

Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» акциясы жыл соңына дейін жалғасады. Әр аптаның бейсенбі және сенбі күндері тазалық жұмыстарын ұйымдастырудың жаңа кестесі жасалды. Енді мекеме, кәсіпорын ұжымдары апта сайын ортақ іске кезекпен тартылады. Бұл жолы мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме ұжымдары белсенділік танытты. 

Еркебұлан Мақсұтов, облыс әкімдігінің бас инспекторы:

- Акцияның мақсаты тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті насихаттау. Тазалық –саулық кепілі. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер ретінде өзгелерге үлгі көрсету мақсатында тазалық шарасына қатысып отырмыз. 

Тазалық акциясы облысқа қарасты барлық қала-аудандарда бір мезгілде ұйымдастырылды. Ортақ іске студент жастар мен «Жасыл ел» еңбек жасағы да жұмылды. Табиғат жаңашырлары бұлақтар мен өзен-көлдердің жағалауын тазалады. Ал облыс орталығында басты көшелерді абаттандыру жұмыстарына атсалысты. 

Еркебұлан Мұратбаев, Жезқазған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы:

- Тазалықты біз осы Алашахан көшесі бойында жүргіземіз. Мусор бар енді. Біраз жинадық. Өткеннен бері жинап жатырмыз. Нәтиже деген өз қолымызда ғой. Таза ұстасақ таза болады бәрі. 

Нұрек Әуезов, Жезқазған қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Мемлекеттік органдардан 40-қа жуық ұйымдар қатысып жатыр. 10 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 10-нан астам техника ұйымдасқан. Жалпы сенбілікке қатысқан тұрғындардың саны 600-ге жуық болады. сенбілік аясында подбордюрный грязь, ұшып жатқан қоқыстар және арамшөптерді жұлу жұмыстары жүріп жатыр. 

Өңірде таза бейсенбілік, сенбілік жұмыстары үздіксіз ұйымдастырылып тұрады. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы табиғат жанашырларының қатары толыға түскен. Тұрғындар пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп сенбілікті күтпей-ақ үй ауласын тазалауды дәстүрге айналдырған. Санитарлық талапты сақтамай, абаттандыру ережесін бұзған нысандарға бақылау күшейді. Жалпы, аптаның алғашқы жұмыс күнінде ұйымдастырылған шараға 165 ұжымнан 2 мыңға жуық адам қатысты. 70 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов