Кеңгір көлінің жағасы тазартылды
Жезқазғандықтар Кеңгір көлінің жағасын күл-қоқыстан тазартты.
«Аманат» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған экологиялық акцияға кәсіпорын ұжымдары мен «Жасыл ел» жасағының жастары қатысты. Жағалауға демалушылар тастап кеткен күл-қоқыс шығарылып, қураған ағаш бұталары кесілді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында көл жағалауын тазарту жұмыстары 6 маусымда бастаған болатын. Табиғат жанашырлары бұл жолы 2 шақырым аумақты тазалады. Болашақта жағалауда саябақ салынады. Ол үшін облыс әкімдігі мен жерасты байлығын игеруші компания арасында арнайы меморандум жасалды.
Бақытжан Сүлейменов, қала тұрғыны:
- Осы тазалыққа қатысу Жезқазған қаласының әрбір тұрғынының борышы, міндеті деп ойлаймын. Себебі тазалық – қаланың көркі, осы қалада тұрып жатқан халқымыздың денсаулығы. Қоқыс әжептәуір бар. Осы жерді тап-таза қыламыз деп 50-60 әріптесіміз шықты.
Гүлбану Сейітжанова, "Amanat" партиясы облыстық филиалының бөлім меңгерушісі:
- Біздің миссиямыз – қала ішін емес, қала сыртын тазалау. Яғни үлкен көлемдегі қоқыстарды шығару. Жазғы демалыста адамдардың көп демалатын жері өзен-көлдің жағасы болса, осы Кеңгірдің жағасын таза ұстау - негізгі мақсатымыз.