Ертіс өзенінің жағасынан 100 қап қоқыс жиналды
Абай облысы Шүлбі кентінде де «Таза бейсенбі» акциясы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
«AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы ұйымдастырған сенбілікке 100-ге жуық адам қатысты.
Әлия Қасымқызы Шүлбі кентінде 25 жылдан бері тұрады. Ауылдық мәдениет үйінде жұмыс істейді. «Таза бейсенбі» акциясына ұжым болып атсалысып жатыр. Ауыл тұрғыны: «туған өлкеміздің тазалығына бәріміз жауаптымыз», – дейді.
Әлия Қасымқызы, ауыл тұрғыны:
- Өзіміздің болашағымызға, балаларымызға қандай екенімізді көрсету. Мақсатымыз – тәрбие беру. Артымызды жинап жүрсек, Таза Қазақстанның жарқырауы, жайнауы содан басталады. Осы Қазақстанымыздың жайқалып, гүлденуі әр адамның өзіне міндет деп ойлаймын.
Ауыл тұрғындары апта сайын тазалық акциясына қатысады. Бұл жолы 2 шақырым жүріп өтіп, Ертіс жағасынан 100 қап қоқыс жинады.
Әділет Мұқатаев, ауыл тұрғыны:
- Шүлбі кентінің таза болуы, аулаларды тазалау – әрбір азаматтың парызы. Біздің болашаққа таза етіп өткізіп беру. Осылай миссиямызды орындаймыз. Келген азаматтар Ертіс өңірінде жақсы демалып, жақсы қайту үшін жыл сайын аулаларымызды абаттандырып, тал егеміз.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Шүлбі кентінің тұрғындары мен белсенді жастар тазалық шарасына бір кісідей атсалысып жатыр. Ертіс өзенінің жағасынан жиналған қоқысты қаптарға салып, осылай жүк көлігіне тиеп жатыр.
Айнаш Аменова, «АMАNАТ» партиясы абай облыстық филиалының өкілі:
- Біз Шүлбі кентіне келіп, Ертіс жағалауын тазалап жатырмыз. Бұл жерде де жүздей адам жүр. Тұрғындары белсенділік танытып отыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, демалушылар өте көп. Олардың артынан қалған қоқсытың бәрі бүгінгі күні тазаланып, жинақталып жатыр.
«Таза Қазақстан» жобасы бастау алғалы өңірде 50 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған. 90 мыңға жуық облыс тұрғыны акцияға үлес қосты.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы.