Алматыда 17 мың қураған ағаш кесіледі

Алматыда жыл соңына дейін 17 мың қураған ағаш кесіледі деп хабарлайды 24kz.

Олардың орнына қарағаш, қайың, шаған мен талшын талдары егіледі. Қазір қаланы көгалдандыру, жасыл желек қорын молайту бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Мегаполис экологиясын жақсарту мақсатында әлемдік тәжірибелер де қолданыла бастады.

Алматының экологиялық ахуалы туралы көп айтылады. Кейінгі кезде шаһарда көлік саны күрт өсті. Құрылыс қарқын алды. Жаңа жолдар салынып жатыр. Инфрақұрылымның дамуы қоршаған ортаға әсер етпей қоймайды. Ал жасыл экономикаға өту үшін алдымен қолда бар ағаш пен өсімдік қорын сақтап, санын арттыру маңызды. Қазір Алматыда діңі шіріп, бұталары қураған ағаштарды кесу жұмысы жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес 5 жыл ішінде 84 мың ағаштың орнына, 2 миллион түп көшет егу көзделген.

Мейіржан Бағатиев, қалалық экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:

- Ауа райының қолайсыздығына байланысты ағаштардың құлау себептері анықталуда. Соған байланысты 2024 жылы 17 мыңға жуық апатты ағашты кесу жоспарда. Оның орнына 170 мың дана көшет отырғызу, күз айларында отырғызылады.

Биыл «Таза қала» республикалық акциясы аясында Алматыда алғашқы экохаб ашылды. Қала тұрғындары үшін мұнда экология тақырыбында түрлі дәрістер мен шеберлік сағаттары өткізіледі. Тұрмыста қолданылған заттарды тастамай, кәдеге жаратуға әбден болады.

Аманжол Мұрат, экохабтың өндіріс меңгерушісі:

- Елімізде осындай орталықтардың ашылып жатқаны қуантады. Адамдардың санасында тұрмыстық қалдықтар жөнінде қасаң түсінік қалыптасқан. Біз сол ойды өзгерткіміз келеді. Қоқысты тастай салу оңай. Бірақ одан да кәдеге жарайтын бұйым жасауға болады ғой. Экохабта соны көрсетеміз.

Елімізде экологиялық стандарттарға сай тауар шығаратын компаниялар бар. Бірақ өз беттерінше өнімін сата алмайды. Олардың нарыққа шығуына осындай экожобалар жәрдемдеседі. Қала тұрғындары экохабқа әйнек пен пластикалық құтыларды өткізіп, сыйақы ала алады. Сол арқылы санитарлық тазалық сақталып, адамдардың бойында экологиялық мәдениет қалыптасады.

Авторлары: А.Садуақас, С.Жұмабаев