Ақтөбеде ағашты заңсыз кескен 355 адам жауапқа тартылды
Ақтөбелік экобелсенділер дабыл қағуда.
Соңғы уақытта жайқалған ағаштарды жермен-жексен ету әрекеттері тыйылмай келеді. Полицейлер биылдың өзінде тал-теректі сындырып, тамырына балта шапқан 355 адамға қатысты әкімшілік іс қозғаған.
Бұрын Ақтөбенің осы орталығында раушан гүлі мен мамыргүл жайқалып тұратын. Ал күз келе жүздеген бұта мен ондаған ағаштың тамырына балта шабылды. Орнына саябақ тұрғызыла бастады. Бірақ «тал-теректі түп-тамырымен құртпай абаттандыруға болар еді», - дейді тұрғындар.
Виктория Сирота, қала тұрғыны:
- Қурап тұрған ағаштарды кесіп, қалғанын сақтап қалуға болар еді. Тамырымен бірге жұлып тастады. Бұрын терезеден қарағанда көше көрінбейтін. Қазір айнала бос қалды. Арасында көршілердің еккен ағаштары да бар. Бізбен ақылдаспай кесіп тастады.
Саябақ салуды қолға алған қоғамдық бірлестік өкілі көше бойын абаттандыруды мақсат тұттық дейді. Бей-берекетсіз өскен тал-теректі кесіп, орнына жаңадан көшеттер еккенін айтады.
Сұлтан Асанов, "Қалалық урбанистер қозғалысы" ҚБ өкілі:
- Кесілген ағаштардың орнына жаңасын ектік. Мысалы қарағаштарды шырша, аққайың, шаған алмастырды. Жасыл желек қорының орны толды деп есептеймін. Ағаштар да біркелкі, қатар түзеп тұр.
Бұл ағаштар да орталық даңғылдың шырқын бұзып тұр. Құр діңгегі қалған. Экобелсенділердің айтуынша мұндай жағдай жиі болады. Қоршаған ортаға қауіпті. Аптап ыстықта көлеңке таппай, тынысы тарылған тұрғындарды айтпағанның өзінде топырақтың эрозияға ұшырауына әкелуі мүмкін.
Евгений Лазарчук, экобелсенді:
- Соңғы кезде қалада құрылыс көбейіп, Батыс-2, Ақжар ауданында мемлекеттік орман қорына тиесілі жасыл белдеу жойылып кетті. Соның кесірінен шаңды дауыл жиі боп тұрады. Құрғақшылық та белең алып барады.
Биыл 300-ден аса адам табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Егер келтірілген шығын мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, қылмыстық іс қозғалады, дейді полицейлер.
Серік Елеуов, ПД Табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы:
- Жыл басынан ҚР Әкімшілік кодексінің 386-ы «Жасыл-желекті күтіп-ұстау және қорғау» бабы талабын бұзған 355 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 193 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл шаһар аумағында 67 түп ағаш кесілген. Енді қоршаған ортаға зиян келтіргендер оны қалпына келтіріп, орнын 10 есе толтыруға міндетті.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов