Қарағандылық оқушылар тұрмыстық қалдықтарды қоқыс өңдеу зауытына тапсырды
Қарағандылық оқушылар экологиялық байқауға қатысып, бір айдың ішінде 3,5 тонна макулатура мен 500 келіден астам пластик жинады, деп хабарлайды 24kz.
Қалдықтар қоқыс өңдеу зауытына тапсырылды. Қоршаған ортаны қорғауға арналған шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.
Байқауға қаладағы 30-дан астам мектептің оқушылары қатысты. Экологтар балаларға тұрмыстық қалдықтарды ретке бөліп жинаудың қажеттілігін және тұрғылықты жерді таза ұстаудың маңызын түсіндірді.
Ясмина Жұмаділдина, оқушы:
- Қыркүйек айынан бастап түрлі қоқыстарды тастамай, керекті жерлерге сұрыптап жинау басталды. Егер біз мысалы қағазды көп тастай берсек, сосын жаңа қағазды шығарғанда ағаштарды кесіп, оларды құртады. Ал егер біз қағаздарды біз зауыттарға берсек, сонда қағаз аз жұмсалады.
Жарысқа 5 мыңнан астам оқушы қатысты. Оларға экологтар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі интерактивті сабақтар өткізді. «Мұндай іс-шаралар жас ұрпақты табиғатқа жанашыр етіп тәрбиелеуге ықпал етеді», - дейді жобаның үйлестірушісі Әлия Ескендірова.
Әлия Ескендірова, экологиялық жобаның үйлестірушісі:
- Қала мен жақын аудандарда макулатура мен пластикті ақшаға қабылдайтын орындар бар. Олардың жұмысы жөнінде балаларға жан-жақты түсіндірілді. Оқушылар жиналған ақшаны қайырымдылыққа жұмсамақ.
Оқушылар экологиялық жоба аясында 3,5 тонна макулатура мен 500 келіден астам пластик жинады. Қалдықтар Қарағандыдағы қоқыс өңдеу зауытына тапсырылды. Осы жерден шикізат қайта кәдеге жаратылады.
Асқар Хамитов, қоқыс өңдеу зауытының менеджері:
- Экологияға қарасаңыз, бүкіл жерде қарасаңыз, қоқыс жатады. Балалардың жинағаны маңызды деп ойлаймын. Біз жаңағыдай қаланың ішінде сеткалар ораластырдық. Оның үстінде кәдімгідей жазылып тұр, мына жерге пластик саласың, мына жерге картонды деп. Бала келіп өзі сала алады.
Қазір байқауға қатысқан командалардың жұмысы сарапталып жатыр. Жеңімпаздар 13 қарашада марапатталады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар