Ертіс өзенінің биологиялық жағдайы көрсетілген онлайн картасы әзірленді

Шығыс Қазақстан облысының ғалымдары Ертістің биологиялық жағдайы мен су қоры көрсетілген онлайн карта әзірледі, деп хабарлайды 24kz.

Трансшекаралық өзенді зерттеу барысында тайыздануы мен суасты флорасының нашарлауына ықпал ететін факторлар анықталды. Гидроэлектр станциялары мен балық шаруашылықтары суды тиімді пайдалануы үшін ақпараттық бағдарлама жасалып, электронды геопорталға енгізілді.

Ертістің бойында ғылыми консилиум құрылған. Коптердің көмегімен өзен түбі түсіріліп, тайызданған әрі ластанған аумағы анықталып жатыр. Техниканы тізгіндеген гидролог Азамат Қапасов ағын суды жағалай мың шақырым жүріп, Қытай мен Ресейдің шекарасына дейін барған.

Азамат Қапасов, гидролог:

- Қазақстан аумағы арқылы өтетін өзен бойымен жүріп, Павлодар, Абай, ШҚО-нан арнайы орындарды анықтадық. Сол жерлерде су дронымен гидрологиялық түсірілім жасап, зертеу жүргіздік. 

Бір жылда ғалымдар ауқымды жұмыс атқарған. Еліміздің бас қаласынан бастап, Өскемен, Павлодар, Қарағанды мен Семей шахарларын тіршілік нәрімен қамтамассыз етіп отырған өзеннің химиялық құрамы зерттелді.Өзге де стратегиялық маңызды мәліметтер жинақталды.

Байтақ Әпшүкіров, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің профессоры, гидролог:

- Су түбінің гидрологиялық рельеф дейді, жер бедерін білгеннен кейін біз турбулентность, судың қай бағытқа ағатынын және қай жағажайдың су басуға қауіпті екенін біле аламыз. Және де ол жердегі судың ағысының жылдамдығын өлшей аламыз. Жылдамдығы арқылы қай жағажайды беріктеуге болатынын су апаты болған жағдайда. Бұны алдын ала болжауға болады. Бұл бір. Екіншіден, өзеннің көлденең қимасының профильдерін алу арқылы судың сыйымдылығын анықтай аламыз.

Ертіске Брексы, Глубочанка, Красноярск өзендері арқылы өндірісте қолданылған су қосылады. Техника ғылымының докторы Валентина Колпакова тіршілік нәрін көп мөлшерде тұтынатындар үшін экологиялық ұсыныс дайындады.

Валентина Колпакова, техника ғылымдарының докторы:

- Сараптама арқылы өзеннің қай бөлігі ластанғаны белгілі болды. Химиялық заттар қосылатын аумағын да анықтадық. Біз сумен қатар жерасты экожүйелеріне талдау жасап, тиісті қорытынды шығардық.

Еліміздегі өзендердің биологиялық балансын сақтау үшін кешенді бақылау қажет. Себебі ел аумағының үш процентін ғана айдынды көлдер алып жатыр. Ал, үштен бір бөлігі шөлейтті аймақ. Ғалымдар: «Алдағы 20 жылда су тапшылығы 56%-ке жетіп, қажеттілік жылына 20 текше шақырымнан асады», - деп болжап отыр. «Сондықтан қазірден бастап тіршілік нәрін үнемді әрі ұтымды пайдалану керек», - дейді олар.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Вячеслав Ветлугин,