«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бекітілді

Алдағы бес жылда елде коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 25-тен 38 пайызға дейін ұлғаяды.

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын бекітті. Елдегі экологиялық мәдениетті дамытуға арналған құжатта 2024-2029-шы жылдарға арналған іс-қимыл жоспары қамтылған. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жоспарға сәйкес, экологиялық тәрбиені нығайтуға баса мән беріледі. Бұл шараларға тартылған оқушылар үлесі 15-тен 40 пайызға дейін артуы тиіс. Сонымен қатар, тұрғындардың өмір сапасына қанағаттану деңгейін 55,8-ден 65,7 пайызға дейін көтеру жоспарда тұр. Қоғамдық орындарда коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту, қоршаған ортаға қауіпсіз тәжірибелерді енгізу және оны ластауға «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру қолға алынады. Тың бастама ынталандыру шаралары мен экологиялық білім және ақпараттық насихатты қамтитын негізгі бағыттардан тұрады.